Тәліптердің ықпал ету аумағы туралы ақпаратты АҚШ билігі неге жасырды?
|
АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі Ауғанстанда тәліптер қозғалысының ықпал ету аумағының ұлғайып келе жатқаны тупасындағы ақпаратты жасырып отыр. Бұл жайында Ауғанстанды қайта құрылымдау мәселелерімен шұғылданатын АҚШ үкіметінің бас инспекторының баяндамасында айтылған. Бұл жөнінде Stars and Stripes мерзімді басылымы хабар таратты. Аталмыш баяндамада келтірілген дерекке қарағанда, Пентагон саналы түрде бұл ақпаратты жасырып келген. Нақтырақ айтқанда, тәліптер қозғалысының бақылауда ұстайтын аймағы ұлғайып қана қоймай, Ауғанстанның ресми билігіне мойынсұнбайтын ауғандықтардың да қарасы артқан. Бұл нені білдіреді. АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери операцияларының нәтиже бермегендігін, осы мақсатта жұмсалған миллиардтаған қаржының рәсуа болғандығын көрсетеді. Аталмыш баяндама жариялануынан бірнеше күн бұрын Пентагон басшылығының 2017 жылдың қазан айынындағы мәліметке сүйене отырып жасмаған мәлімдемесінде Ауғанстанның 407 ауданының шамамен 56%-ы Ауғанстанның ресми билігінің бақылауында екені, 30 пайызы даулы ауданға жататыны, тек 14 пайызы ғана тәліптер қозғалысының ықпалында екені айтылған. 2015 жылғы мағлұмат бойынша Ауғанстанның ресми билігінің бақылауында ел аумағының 72%-ы жататыны, даулы аймақ 21 пайызды құрайтыны, ал тәліптер қозғалысы тек 7 пайызына билігін жүргізіп отырғаны айтылған. Аталған ақпарат көзінің келтірген мәліметіне сүйенсек, АҚШ билігі 2002 жылдан бері ауған әскерін дайындау әрі қамтамасыз ету үшін 74,8 млрд доллар жұмсаған екен. Әлем қауымдастығы алдында АҚШ-тың Ауғанстанға қатысты саясатының басқыншылыққа құрылғанын, ең бастысы, ЕуроАзия құрлығында, соның ішінде, Азия кіндігінде Қытай мен Ресей тарапынан АҚШ-қа төнер қауіптің алдын алуға сәл де болса көмектесетін геосаяси мақсатын әшкерелеп беретіндіктен мұндай ақпаратты жасырын ұстауы әбден мүмкін. Трансқұрлық пайданы ескермегенде.