Тәліптердің күші неде немесе тәліптер билік басына келгенде Ауғанстанды өркендеген елге айналдыра ала ма
Тәліптердің күші неде немесе тәліптер билік басына келгенде Ауғанстанды өркендеген елге айналдыра ала ма
5 жыл бұрын 3791 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Естеріңізде болса, тәліптер қозғалысы туралы, оның қандай қозғалыс екендігін, мақсаты мен мүддесі жайында азды-көпті айтып өткенбіз. Бұл тақырыпқа қайта айналып соғуымызға соңғы уақытта Ауғанстанның өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары зайырлы қоғам болғандығын «айғақтайтын» фото-суреттердің (ер-азаматтардың галстук тағып, қыз-келіншектердің шолық белдемше кигенін бейнелейтін материалдар) әлеуметтік желіде жарияланғаны түрткі болды. Бұл тарихи фото-суреттер ауғандықтардың сол кездегі өмірінен толыққанды дерек бере алмайды. Кабул қаласындағы ат төбеліндей аз ғана топтың еуропалық өмір сүру салтынан хабар бергені болмаса. Ал шындығына келгенде, ауғандықтардың дені діни құндылықтардан басқасын мойындамайтын консервативті көпшілік болатын. Ауғанстанның соңғы королі Мұхаммед Зәкір Шаһ шынымен де жаңалыққа жаны құштар прогрессивті тұлға болатын. Уақыт тынысын сезініп, заман табалына қанық ол ауған халқын өмір сүру салты орта ғасырға тән қоғамда қалып қоймасы үшін зайырлы қоғамға тән жоғарғы оқу орындарын ашып, чадраға тыйым салған, елдің саяси өмірін демократияландыруға күш салған тұлға болатын. Королдің бұл төңкеріске пара-пар әрекетіне тар аяда ойлайтын консервативті орта секеммен қарап, оның енгізген жаңалықтарын қабылдай қоймады. Королді діннен безген етіп шығарып, елді сатқан опасыз етіп көрсетті. Оны тақтан тайдырып тынды. Ауылдық деңгейдегі молда Мұхаммед Омар бастаған жергілікті азат ету отряды бірте-бірте үлкен қозғалысқа айналды. Әлемдегі нөмірі бірінші алып державаның өзі ауған жерінде табаны күректей 18 жылға созылған әскери жорығынан нәтиже шығара алмады. Тек қып-қызыл шығынға батқаны болмаса. Бұл арада  америкалықтардың ауған жеріндегі шынайы мақсаты мен мүддесі басқа тарапта жатқанын кезінде айтып өткенбіз. Тәліптер қозғалысын әлемге лаңкестік ұйым ретінде танытып, олармен күресті желеу етіп, ауған жеріндегі әскери операцияларын тоқтатпауының астарында ресурс үшін бақталастық жатқанын да айтып өткенбіз, қараңыз: «Минералдарға бай мұсылман елі» (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/mineraldarga-bai-musylman-eli-11395#gsc.tab=0).  Негізгі айтпағымызға тікелей көшпес бұрын алдымен мынадай бейнелі мысал келтіре кетуді жөн көріп отырмыз.  Бұрын да айтып өткеніміздей, тәліптер қозғалысы әлемдік державалар террористік ұйым ретінде танығанымен елді басқыншылардан азат етуші қозғалыс ретінде белгілі. Сол себепті, халық қолдауына ие болып отыр. Тәліптердің осы уақытқа дейін қаруын тастамауының, яғни, жеңіліс таппауының сыры осында. Бұл – факті. Алайда, ауған жерінің жартысынан астамын бақылауында ұстайтын тәліптер түпкі мақсатына жетіп, ауған жерін басқыншылардан толық азат етті делік. Одан кейін елдің саяси өмірі мен бағдары қалай сызылады. Осы тұста АҚШ-ты мысалға алайықшы: айталық, АҚШ-та азаматтық соғыс басталды делік. Алдымен бұл елден екінші отаны бар мигранттар мен диаспора өкілдері табанын жалтыратып, тайып тұрады. Одан кейін білімді, жағдайы жақсы, ауқатты америкалықтар өздері қалаған өзге елдерге қоныс аударады. Бұл процесс өз кезегінде орасан мидың жылыстауына ұласады. Яғни, елдің бетке ұстар, қалқып алар қаймағы кетеді. Қалатындары – қылмыскерлер, жарлы-жақыбай, тұтқындар, алаяқтар, т.б. Олар өз заңдарын қабылдап, билікті қолына алады. Әлеуметтік желіде сәлафшыларға қарата қолданылатын «буквализмнің» тар шеңберінен аттап шыға алмай, тура мағынасында радикалды қоғам қалыптасады. Бұл тек аллегория. Ауғанстандағы жағдай да осыған ұқсас. Олар дүниеуи білімнен мақұрым, діни құндылықтарды тар аяда түсінетін болғандықтан орта ғасырға қара құйындай үйіріп әкететін дүлей күшке айналады. Бұл өз кезегінде тағы соғыс өртін тұтатады. Өйткені, надандық айлаған қоғамда тыныштық пен тұрақтылық атымен болмайды. Мәңгі соғыс пен қарулы қақтығыстан көз ашпайтын елдің ертеңі мен болашағы бұлыңғыр. Тәліптер тек азат етуде маңызды рөл ойнайды, алайда, билікке келсе, елді қаратүнек орнайды. Өйткені,  тәліптер елді басқару былай тұрсын, адамдарға жұмыс тауып бере алмайды.

0 пікір
Мұрағат