Тәліптер жария жазалауды қолданысқа енгізді
|
Ауғанстанда билік тізгінін ұстаған тәліптер радикалды қозғалысы (Біріккен Ұлттар Ұйымының қарары бойынша әлемнің көптеген елінде, соның ішінде Қазақстанда қызметі мен насихатына тыйым салынған – ред.) араға жиырма жылдан аса уақыт салып қылмыскерді елдің көзінше жазалау тәжірибесін қолданысқа қайта енгізді. Бұл жайында islam.kz порталы IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. «Талибан» радикалды қозғалысының өкілі Забиулла Мұджаһид елдің жоғарғы жетекшісі Хайбатулла Ахунзадидің мемлекеттік сот жүйесін шариғат талаптарына толық сәйкес келтіруге пәрмен бергенін жеткізді. Осылайша түрліше ауыр қылмыстарға жол берген тұлғаларға дүйім жұрттың алдында дүре соғылады, қолын шабады, т.б. Сонымен қатар, жәбірленуші тарап айыпталушыдан өтемақы алып, оны жазалауды талап етуден бас тартып, қылмысын кешіре алады. Яғни, өтемақы төлегендіктен айыпталушы жазадан құтылу мүмкіндігіне ие болады. Сөз орайы келгенде жария жазалау тәжірибесі Саудия мен Иранда қолданылатынын айта кетпекпіз.