Тағы бір мұсылман елінде синагога ашылды
Тағы бір мұсылман елінде синагога ашылды
2 жыл бұрын 1354 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Мароккода алғаш рет елдегі университеттердің бірінде синагога пайда болды – бұл еврейлердің құлшылық үйінің аталған ел аумағында пайда болуы Марокко мен Израилдің жақындасуын іс жүзінде көрсететін оқиға болды. Бұл жайында islam.kz порталы IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Марокко бүгінде Израилмен қарым-қатынасты реттеуге жақында ғана шешім қабылдаған бірнеше араб мемлекеттерінің бірі болып табылады. Израилмен дипломатиялық қатынас орнатып, көптеген салалар бойынша, соның ішінде, қорғаныс, білім беру, туризм, технология, т.б. ынтымақтастық орнатқан санаулы араб елдерінің (Біріккен Араб Әмірлігі, Мысыр және Бахрейн) қатары тағы бір мұсылман мемлекетімен толықты. Израилдік бұқаралық ақпарат құралдары бұған дейін бірде-бір араб елі университеттерінде синагогалардың болмағанына назар аударды. Мұндай қадамға алғаш рет Мұхаммед VI политехникалық университеті (UM6P) барып отыр. Бұл институттың беделін Марокконың тақ мұрагері Мулай Хасан бен Мұхаммедтің осында білім алып жатқанынан аңғаруға болады. Алайда, аталмыш жоғарғы оқу орнында бірде-бір еврей студенті жоқ. Тіпті, университет аумағындағы синагога мешітпен қатар тұр – араларын тек шағын қабырға ғана бөліп тұр. Дегенмен, бірлескен білім беру жобалары аясында жақын арада мұнда ондаған израилдік студенттер келуі мүмкін. Еврей қауымдастығы корол Мұхаммед VI-ның елдегі еврей дәстүрлерін сақтауға және насихаттауға қосқан орасан зор үлесін атап өтеді. Осылайша, он жыл ішінде елде королдің пәрменімен бұрынғы еврейлер кварталын есептемегенде, 150-ден астам еврей зираттары мен 20-дан астам синагогалар қалпына келтірілді.

0 пікір
Мұрағат