Тағы бір ел қарттардың көлік жүргізуіне қатысты шараларға көшті
|
Жапон билігі электронды «көмекшімен» жабдықталған автокөлікті жүргізуге рұқсат беретін жүргізуші куәлігінің жекелеген түрін беруді жоспарлап отыр. Бұл жайында Nikkei ақпарат көзі хабар таратты. Мұндай куәлік жасы 75-тен асқан қарттарға берілмек. Аталмыш бастамаға күншығыс елінің аумағында қарт жүргізушілердің кесірінен орын алатын жол-көлік апатының көбейгені түрткі болып отыр. Қарттар жолдағы жағдайға дер кезінде жауап қата алмай жатады. Қарт жүргізушілерге арналған мұндай куәлік алдымен өз еркімен осындай куәлік алғысы келетіндерге әдеттегі куәліктің орнына беріледі. Мұндай куәлікті алу кейін тежегішті автоматты түрде іске қосуға мүмкіндік беретін технологиямен жабдықталған автокөліктер жаппай таралған кезде міндетті болмақ. Естеріңізде болса, «Жүргізуші куәлігінен өз еркімен бас тартқан қарттарға қандай жеңілдік қарастырылған» деген тақырыппен осыдан екі ай бұрынғы жаңалығымызда Оңтүстік Кореяда да мұндай шараның қолға алынғанын айтып өткенбіз. (Сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/jurgizushi-kualiginen-oz-erkimen-bas-tartqan-qarttarga-qandai-jenildik-qarastyrylgan-11704/#gsc.tab=0)
Оңтүстік Кореяның Тэжон қаласында жасы 65-тен асып кеткендердің арасынан өз еркімен жүргізуші куәлігінен бас тартқандарға жеңілдік қарастырылып отыр. Яғни, оларға ғұмырының соңына дейін қоғамдық көлікте тегін жүру құқығын береді. Бұл жайында Yonhap News ақпарат көзі аталмыш Тэжон қалалық кеңесінің шешіміне сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Бұл шешім биылдан бастап, дәлірегі, қыркүйек айында орындала бастайды. Бұдан бөлек, өз еркімен жүргізуші куәлігінен бас тартқан қарияларға 100 мың воннан беріледі. Аталмыш қала билігінің мұндай қадамға баруына жылдан жылға қарттардың кесірінен жол-көлік апатының жиілеп кетуі себеп болған. Көзінің көру қабілеті төмендеп, қолы қалтырайтын, көлік жүргіземін деп тез шаршайтын қарттар әдетте жазатайым оқиғаға себеп болып жатады. Оңтүстік Кореяда 2017 жылы жасы 65-тен асып кеткендер арасында 71 115 адам жүргізуші куәлігіне ие болған екен. 2015 жылы таңғы шық елінде қарттардың кесірінен 545 жол-көлік апаты орын алса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 688-ге жеткен, ал 2017 жылы 817-ге артқан. Тэжон қалалық кеңесінің өкілдерінің жорамалдауынша, биыл 500-ге тарта қарт өз еркімен жүргізуші куәлігіне бас тартуы мүмкін. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 1000-ға жетуі ықтимал, 2021 жылы - 2000, 2022 жылы - 3000.