Тағы бір ел жануарлардың циркте өнер көрсетуіне тыйым салды
Тағы бір ел жануарлардың циркте өнер көрсетуіне тыйым салды
5 жыл бұрын 2914 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Тамыз айының 28-і күні Литва билігі қоршаған ортаны қорғау министрлігі ұсынған, жануарлардың циркте өнер көрсетуіне тыйым салатын заң жобасын қарастырып, қабылдады. Аталмыш заң 2020 жылдың қараша айынан бастап, қолданысқа енеді. Бұл заңда табиғи ортасында болатын жануарларға қатысы жоқ. Мәселен, дельфинариядағы дельфиндер, т.б. Мұндай заң еуропаның бірқатар елінде әлдеқашан қабылданып, қолданысқа еніп қойған. Тағы бір жағымды жаңалық: бұдан былай жабайы пілдерді сатуға тыйым салынып отыр. Жойылу алдында тұрғын жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы жөніндегі конвенция бойынша Женева қаласында өтіп жатқан конференцияда аталмыш тыйым мақұлданатын (ратификацияланатын) болды. Табиғатта сирек кездесетін әрі қарасы азайып кеткен, яғни, жойылу алдында тұрған жануарлар мен өсімдіктерді сақтап қалу, қорғау бойынша өтіп жатқан осынау алқалы жиында керіктің де саудасына біржола тоқтау салынбаса да шектеу қойылатын болды. Табиғатты қорғау ұйымдарының келтірген дерегіне қарағанда, 2012 жылдан бері африкалық елдерден жүздеген піл (көбісі Зимбабведен) хайуанаттар бағына сатылған. XX ғасырдың бас кезінде пілдердің қарасы бір миллионға жуық болса, бүгінгі таңда олардың саны 415-ті құрайды. Сөз орайы келгенде айта кету керек, халықаралық Қызыл кітапқа әлем бойынша жойылу алдында тұрған 5583 жануар мен өсімдік түрлері енген болатын.

0 пікір
Мұрағат