Тағы бір араб елі Израилмен қатынас орнатты...
Тағы бір араб елі Израилмен қатынас орнатты...
4 жыл бұрын 4303 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Есесіне Израил билігі Иордан өзенінің батыс жағалауындағы аумақты өзіне қарату жоспарынан бас тартады. Арадағы келісім-шарт талабы бойынша. Осылайша Израил тағы бір араб елімен – Біріккен Араб Әмірлігімен қатынас орнатты. Бұл жайында islam.kz порталы ағылшын тілінде хабар тарататын BBC ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етті. Үш жақты келісімге Израил премьер-министрі Биньямин Нетаньяху, Әбу-Даби ханзадасы Мұхаммед бин-Сайед және АҚШ тарапынан Ақ үй қожайыны Дональд Трамп қолдарын қойды. Олар қол қойған құжатта айтылғандай, бұл қадам Таяу Шығыста бейбітшілік орнатуға септігін тигізеді. Осы оқиғаға орай Израил мен Біріккен Араб Әмірлігі елдерінің сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыста тұрақтылық орнатуды мақсат ететіндерін мәлімдеумен болады. Десе де бұл мәлімдемелері бұл келісімге қырын қарайтын өзге араб елдерінің алдында ақталуға ұқсайды. Осы уақытқа дейін Парсы шығанағындағы бірде-бір араб елі Израилмен дипломатиялық қатынас орнатқан емес. Тіпті, Израилдің тәуелсіздігін, мемлекеттілігін мойындамаған болатын. Әлбетте, бұл арада Израилдің мемлекеттігін ресми мойындамаса да аталған еврей елімен дипломатиялық қатынас орнату арқылы жариясыз оның мемлекеттігін мойындаумен бірдей саяси қадам екенін айта кету керек. Осы уақытқа дейін араб елдерінен осымен үшінші ел (Біріккен Араб Әмірлігі) Израилмен дипломатиялық қатынас орнатқан ел ретінде танылып, тарихта қалатын болады. 1948 жылдан (Израил мемлекетінің құрылған жылы) бері араб елдері арасынан алғаш болып 1979 жылы Мысыр дипломатиялық қатынас орнатты. 1994 жылы Иордания Израилмен қатынас орнатты. Біріккен Араб Әмірлігінің Израилмен қатынас орнатуына не себеп болуы мүмкін? Сарапшылардың айтуынша, аймақта Иран ықпалының артуы аталған араб елін осындай қадамға итермелеген. Бұдан бөлек, ресми қатынас орнатпаса да дипломатиялық емес арналар арқылы екі ел қарым-қатынас орнатып келген еді. Енді таяу арада екі ел арасында жан-жақты қарым-қатынас толық орнайтын болады: туризм, денсаулық сақтау саласы, мәдени, қоршаған ортаны қорғау, инвестиция, елшіліктер ашу, т.б. Бұған қоса, екі ел де америкалықтардың «Таяу шығысқа арналған стратегиялық жоспарына» қосылады. Алайда, Араб елдері лигасы Біріккен Араб Әмірлігінің бұл қадамын опасыздыққа балап, айыптап отыр. Палестина президентінің жарлығымен Біріккен Араб Әмірлігіндегі өз елшісін кері шақырып алды. Өзге араб елдері тарапынан әзірге қандай да бір нақты әрекет жасалған емес - Біріккен Араб Әмірлігіне қатысты. 

0 пікір
Мұрағат