Сүлеймен сұлтан кезінен айтылып келе жатқан жоба жүзеге асырылуы мүмкін
Сүлеймен сұлтан кезінен айтылып келе жатқан жоба жүзеге асырылуы мүмкін
6 жыл бұрын 6954 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мәлімдегендей, көп ұзамай - 2023 жылы аяқталуы тиіс аса ірі  мемлекеттік жоба жүзеге асырылады. Аталмыш транзиттік, яғни, инфрақұрылымлдық жоба - "Ыстамбұл" каналы Босфор бұғазына балама бола алады. Яғни, Қара теңіз бен Мәрмәр теңізінің арасындағы көлік қатынасын жандандырады. Бұл ауқымды жобаға шетелдің қаржысы тартылмайды, дәлірегі, шетелдік инвестициясыз жүзеге асырылады. Бұл жобаға түріктер 10 млрд доллар жұмсамақшы. 5000-нан аса адам жоба құрылысына атсалысады. Ал сарапшылар бұл жобаның тек экономикалық салдарынан бұрын саяси қырына назар аударып отыр. Халықаралық актіге сәйкес Босфор бұғазынан әскери кемелердің өтуіне шектеу қойылған болса, бұл шектеудің жаңа каналға қатысы жоқ. Билік басындағы әділет және даму партиясының құрылтайында ел президенті бұл жобаның стратегиялық маңызына тоқталып өткен болатын. Ол бұл жоба туралы 2011 жылдан бері айтып келеді. Түркияның премьер-министрі болып тұрған кезінен. 2013 жылы аталған елдің көлік министрлігі жобаны жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдегенімен оның құрылысы соңғы бірнеше жыл бойы кейінге шегеріліп келген еді. "Ыстамбұл" каналы Ыстамбұл шаһарының батысынан бастап қазылады. Осыған байланысты қала үш ауданға бөлінеді. Тарихи орталық мен іскерлік кварталы аралға айналмақ. Аталған каналдың ұзындығы 43 шақырымға дейін созылмақ, ал ені 400 метрді құрамақ. Тереңдігі - шамамен 25 м. Тәулігіне 150-160 жүк кемесі өте алады. Яғни, қазіргі уақытта Босфор бұғазынан өтетін кемелер санымен шамалас. Сөз орайы келгенде айта кету керек, мұндай канал қазу сонау XVI ғасырдан бері, яғни, Сүлеймен сұлтан тұсынан бері айтылып келеді. Аты аңызға айналған падишах, тіпті, Османлы империясының белгілі сәулетшісі Мимар Синанға жобаны дайындауға тапсырма да берген болатын. Алайда, оны жүзеге асыруға ресурс жетпеген еді. Десе де бұл жобаға өретүрегеліп қарсы шыққан наразы топтың барын айта кетпеске болмайды. Әсіресе, экологтар бұл су күре тамыры өңірдегі экологиялық тепе-теңдікке нұқсан келтіруі мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда. Яғни, Мәрмәр теңізіндегі күкіртті сутектінің деңгейін көтеріп жіберуі мүмкін. Сондай-ақ, бұл канал Қара теңізге құятын Дунай, Днепр, Днестр өзендеріне де теріс әсерін тигізбей қоймайды. Сонымен қатар, тұшшы су қоры азаяды. Дәлірегі, болашақ каналдың жолында кесе көлденең түсіп Түркияның 13 ауданын тұшшы сумен қамтамасыз етіп отырған Сазлыдер су қоймасы жатыр. Ол жобаны жақтайтындардың уәжі қандай? "Ыстамбұл" каналы маңызды көлік дәлізіне айналу арқылы ел бюджетінің бүйірін қампайтуға өз үлесін қосады. Тағы бір айта кететіні, қазіргі уақытта Қара теңіздегі қатынас Босфор мен Дарданел бұғаздары арқылы жасалады. Аталған екі бұғаз арқылы жасалатын қатынасты түріктер қадағалайды. Алайда, 1936 жылғы Монтре конвенциясына сәйкес аталған каналдардан өтетін кемелерден түріктер ақы өндіріп ала алмайды. Ал "Ыстамбұл" каналы ақылы болмақ. Бұл канал Ресейдің де қолайына жақпақ: ең алдымен теңіз арқылы тауар экспортын арттырмақ. Бүгінгі таңда әлемде өндірілетін мұнайдың жартысына жуығы осы Босфор мен Дарданел бұғаздары арқылы өтеді. Яғни, күн сайын 3 млн баррелге таяу мұнай аталмыш каналдар арқылы тасымалданады екен. Босфорға балама бола алатын жасанды канал қазылатын болса, геосаяси салдары қандай? Монтре конвенциясына сәйкес Қара теңіз жағалауында орналаспаған мемлекеттерге енгізілген шектеу бойынша Босфор бұғазы арқылы салмағы 45 тоннадан аспайтын кемелер өткізіледі. Әрі Қара теңіз жағалауына орналаспаған мемлекеттердің кемесі үш аптадан артық Қара теңізде болуына рұқсат етілмейді. Түркия ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кез келген әскери кеме үшін аталмыш бұғазды жауып тастауға құқылы. Егер аймақта Түркия араласпайтын соғыс өрті тұтана қалса, Түркия билігі бұғазды жаба алады. Ал "Ыстамбұл" каналы қазылатын болса, Монтре конвенциясында қарастырылған талаптарды түріктер орындауға міндетті емес. Аталмыш каналды қазуда сырттан инвестор тартпаудың бір ұшығы осында жатыр. Түркия билігі қандай шетелдік кемелерді өткізуді өзі шешетін болады. Осылайша Түркия аймақтағы өзінің позициясын нықтай алады. 

0 пікір
Мұрағат