«Сөз бостандығын ар-намысқа тию деп ұқпау керек»
|
Ресей Федерациясының вице-премьері Дмитрий Рогозин сөз бостандығын біреудің ар-намысына тиюмен, ойына не келсе, соны айтумен шатастырмау керектігін ескертті. «Терроризм – зұлымдық. Оны ақтауға болмайды. Алайда, сөз бостандығын желеу етіп, өзгелердің ар-намысына тимеу керек»,- деп жазыпты Твиттер әлеуметтік желісінде. Осы арада жақшаның ішіне алып айта кетеріміз, қазіргі уақытта әлемнің бұқаралық ақпарат құралдарын шулатқан Париж қаласындағы террористік әрекеттің неден туындағанын, оған не себеп болғанын меңзегендердің бірі осы Дмитрий Рогозин. Естеріңізде болса, 2015 жылдың қаңтар айының 7-і күні Пайғамбарлар падишасы – Мұхаммед Мұстафаға (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) кезінде карикатура жасап, исі мұсылманның наразылығына ұшырап, наласына қалған атышулы Charlie Hеbdo сатиралық басылымына қарулы адамдар шабуыл жасағанын өздеріңізге хабарлаған едік. Бұл шабуылға аталмыш редакцияның Ардақты елшіні (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) мазаққа айналдырғаны себеп болуы мүмкін екені БАҚ-та айтылып жатыр. Бұдан сабақ алмаған Charlie Hebdo ұжымы Ақиық елшінің (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) карикатурасын тағы жариялайтындарын мәлімдеді. Екі әлем сардарының (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) карикатурасы жарияланатын аталмыш басылым саны ертең, яғни, қаңтар айының 14-і күні сатылымға шығарылатыны да мәлім болды. Бұл жайында осы апталықтың қорғаушысы Ришар Малка кеше, дүйсенбіде мәлім еткен болатын.