Соңы көрінбейтін осы заманғы тарихтағы ең ұзақ соғыс
Соңы көрінбейтін осы заманғы тарихтағы ең ұзақ соғыс
7 жыл бұрын 4279 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Пентагон өкілі бір ғана Ауғанстан үшін жылына 45 млрд доллар шығынданып отырғанын жеткізді. Конгресшілер Ақ үй әкімшілігін, дәлірегі, АҚШ президенті Дональд Трамптың командасын он жеті жылға созылған Ауғанстандағы АҚШ-тың әскери операцияларына, соңы көрінбейтін соғысқа қатысты сұрақтың астына алды. АҚШ-тың Қорғаныс министрлігінің жоғарғы лауазымды өкілі Рэндалл Шрайвер бұл 45 млрд доллардан бөлек 5 млрд доллардың ауған күштерін ұстау үшін, 13 млрд доллар Ауғанстандағы АҚШ әскерилері үшін жұмсалып отырғанын жеткізе келе қаржының қомақты бөлігі материалдық-техникалық қолдауға кететінін, тағы 780 млн-дай доллар Ауғанстан экономикасына көмек ретінде берілетінін жасырмай жайып салды. Конгресшілер қанша қыспаққа алса да Дональд Трамп командасы АҚШ әскерін Ауғанстаннан әзірге шығару ойында жоқ екенін мәлімдеді. Ол ол ма, тәліптер қозғалысымен келіссөз жүргізуді де ойлап отырған жоқ. Бұдан қазіргі АҚШ билігінің Ауғанстанда басқа мақсатта қалатынын аңғаруға болады. Ол қандай мақсат? Жұмбақ. Яғни, млрд-таған шығын шығаратынына қарамастан әзірге АҚШ сарбаздары Ауғанстанда қала беретін болды. Айта кетейік, дәл қазіргі уақытта Ауғанстанда АҚШ-тың 16 мыңдай әскери адамы бар.

0 пікір
Мұрағат