Сиырдың жапасы ұлттық газ беру жүйесіне қосылды
|
Сиыр жапасы биометанға айналдырылып, Англияның ұлттық газ желісіне тұңғыш рет сатылды. Осылайша мал шаруашылығымен айналысатын жергілікті фермелердің қосымша табыс көзі пайда болды. Бұл жайында islam.kz порталы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дәлірегі, сиыр жапасынан алынған биометан BioCow анаэробтық ашыту жөніндегі компанияның ықпалымен шілде айының соңына таман ұлттық газ беру жүйесіне қосылды. Murrow анаэробты ашыту зауыты ірі қараның жапасын сабанмен араластырып, отынға айналдырады. Қазіргі уақытта бұл отын түрі ағылшындардың Кембриджшир графтығындағы фермадан жеткізіледі. Бұл фермадан жеткізілетін отын өз кезегінде бір жылға шаққанда орташа статистика бойынша 10 үй шаруашылығын газбен қамтамасыз етуге жетеді. Ұлттық энергия жүйесінің газ желісін пайдалану бөлімінің жетекшісі Ян Рэдлидің айтуынша, сиыр жапасынан алынған биометан Ұлыбританияның көміртек мәртебесін нөлдік деңгейге түсіруге септігін тигізетін маңызды отынға айналуы тиіс. Оның үстіне, бұл процесс экологиялық жағынан тиімді, жергілікті фермерлерге қосымша табыс көзі. Ең бастысы, ірі қараның өзінен қоршаған ортаға бөлінетін метан деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сөз орайы келгенде Ұлыбритания билігі жаһандық жылыну мен климат өзгерісін баялату үшін 2050 жылға қарай парникті газдың бөліну деңгейін нөлдік деңгейге түсіру мақсат қойған болатын.