Шыңжаңдағы лагерлер: Тибет жерінде де қатаң әскери тәртіптегі орталықтар құрылуда
Шыңжаңдағы лагерлер: Тибет жерінде де қатаң әскери тәртіптегі орталықтар құрылуда
4 жыл бұрын 2943

Қытай үкіметі Шыңжаңдағы тәрбие лагерлерін Тибен автономиялы регионында әскери тәртіппен жүргізе бастаған. Бұл туралы Шыңжаң мәселесі бойынша неміс сарапшысы Адриан Ценцтің жаңа есебінде жария болды. Сарапшының жаңа зерттеу қорытындыларын Уашингтондағы Джеймстаун қорының (Jamestown Foundation) сараптама орталығы жария еткен. Бұл жайында qazaqtimes.com ақпарат көзінің тілшісі Естай Божан мәлім етеді.

Адриан Ценцтің мәліметіне қарағанда, Қытай үкіметі Шыңжаң моделін Тибет автономиясында қатаң әскерилендірген тәртіпте жүргізе бастаған. Тибет аудандарында «артық жұмыс күшіне арналған» ауқымды әрі жүйелі кәсіптіп оқулар 2019 жылы біртіндеп іске асырылған. 2020 жылдың алғашқы 7 айының өзінде 500 мыңнан астам «артық жұмыс күші» саналған тибет азаматтарын балықшылық, егіншілік аудандарында оқытып, Тибеттің өзге аймақтарына немесе Қытайдың өзге провинцияларына жіберген.

Мәліметтерге қарағанда, 2016 жылы Тибеттің Камдо аймағында 45 "оқыту" орталығы құрылған. «Артта қалған идеяны реформалау» деген мақсатта оқыту орталықтарында еңбек тәртібі, заң және қытай тілі дәрістері берілген. Қытайдың мемлекеттік БАҚ-дары жария еткен суреттерден Камдо аймағындағы әскери кәсіптік оқыту орталықтарын қарулы полицияның қатаң бақылауда ұстайтынын, «білім алып жатқан» тибеттердің камуфляж киінгенін көруге болады. Сонымен бір уақытта Шаннан аймағында да жартылай әскериленген тәртіпте оқыту істерін жүргізе бастаған.

Камдо аймағындағы оқыту орталықтары. Фото: VOA

Ал, 2019 жылы наурыз айына келгенде Камдо аймағындағы «оқыту әдістерін» бүкіл Тибет автономиялық аймағында фермерлер мен малшыларды оқыту мен жұмысқа орналастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын тұжырымдады, ол бүкіл аймақта жүзеге асырылған. Оқытудың мазмұны негізінен «еңбек тәртібі, қытай тілі және еңбек этикасын» дегендерді қамтиды. Бұл арқылы тибеттердің «ұлттық заңдар мен ережелерді, бірлік ережелерін сақтау туралы сезім-танымын жетілдіру». «Артық жұмыс күшін» даярлау «бұйрыққа сай орындалады» немесе «сұраныс бойынша оқыту» әдісімен жүруі керек, былайша айтқанда, алдымен жұмыспен қамтуды ұйымдастырады, содан кейін мақсатты оқытуды жүзеге асырады. 2020 жылы оқыту мен жұмыспен қамтудың кем дегенде 40 пайызы осы әдісті қолданады, ал 2024 жылға қарай бұл үлес 60 пайыздан асады деп жоспарланған.

Неміс сарапшысының зерттеуінде Қытай үкіметінің Тибет жеріндегі аталған саясатының сұмдықтары атап көрсетілген. Айталық, жергілікті құжаттардан «Тибет жеріндегі кәсіптік оқытуды қатаң әскери тәртіппен бақылауда ұстау», «тибеттердің еңбек тәртібін нығайту», «белсенділігін ояту және діннің кері әсерін сейілту» деген секілді нұсқауларды көруге болады. Сондай-ақ, Қытай үкіметінің жаңа саясаты тибеттердің қолындағы мал түліктерін әлеуметтік ортақ мүлікке айналдырып, өздерін жалдамалы жұмыс күшіне айналдыруға шақырған. Бұл арқылы тибеттердің жалаң шаруашылыққа байланған кедейлігін жою, сол арқылы Қытай басшысының кедейліктен құтылу туралы бастамасын жүзеге асыратындары айтылады. Қазіргі Қытай үкіметінің автономиялы аймақтардағы саясаты қандайда бір әдістерді сынау, толықтай пайдалану арқылы аз санды ұлттардың дәстүрлі өмір салттарын өзгертіп, олардың ортақ ханзулардың (қытайлар) мәдениетіне қарай біріктіру үшін жасалуда. Сондай-ақ, бұл науқандардың бәрі дерлік қатаң режимде жүргізілуде. 

0 пікір
Мұрағат