Шыңжаңда Ораза айтқа 3 күн демалыс беріледі — шетелдегі қазақ баспасөзі
Шыңжаңда Ораза айтқа 3 күн демалыс беріледі — шетелдегі қазақ баспасөзі
2 сағат бұрын 39 kaz.inform.kz Бейсен Сұлтан. Фото: Максат Шагырбаев/Kazinform

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Шыңжаңда Ораза айтқа 3 күн демалыс беріледі— Harajorga

Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі өңірінде Ораза айт мерекесіне орай 3 күн демалыс жарияланды, деп хабарлайды Harajorga басылымы. 

Қытайлық БАҚ-тың хабарлауынша, өңірлік халық үкіметі кеңсесінің 2026 жылға арналған мереке және демалыс күндерін белгілеу туралы құжатына сәйкес, Ораза айттың негізгі күні 21 наурызға (сенбі) тура келеді. Осыған байланысты демалыс 20 наурыздан (жұма) 22 наурызға (жексенбі) дейін жалғасады.

Осылайша, тұрғындарға жалпы үш күн демалыс беріледі.

— Аталған мереке этникалық азшылықтар үшін дәстүрлі діни мейрам болып саналады, - деп жазады қытайлық басылым.

Өзбекстандық ғалымдар тұмауға қарсы жаңа препарат әзірледі — ӨзА

Тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялар бүгінде әлем халқының денсаулығына төнген ең өзекті қауіптердің бірі болып отыр. Жыл сайын миллиондаған адам вирустық ауруларға шалдығып, олардың таралуы әсіресе күз бен қыс айларында күшейе түседі. Маусымдық инфекциялардың жедел таралуы медицина саласы үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де маңызды мәселе саналады.

Осы тұрғыда Өзбекстанда медицина мен фармацевтика саласында вирустық инфекциялардың алдын алу және олармен күресудің тиімді тәсілдерін табуға бағытталған ғылыми зерттеулер қарқынды жүргізіліп келеді. Міне осындай зерттеулердің нәтижесінде Өзбекстан Ғылым академиясының Полимерлер химиясы және физикасы институты ғалымдары вирусқа қарсы препарат әзірледі.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, отандық ғалымдар жасаған «ЦелАгрип» препараты вирустарға қарсы белсенділігімен ерекшеленіп, интерферон индукторы ретінде бағаланып отыр.

Препараттың басты ерекшелігі — ол вирустарға тікелей әсер етуден гөрі, адам ағзасының табиғи қорғаныс механизмдерін белсендіру арқылы иммундық жүйенің жауап реакциясын күшейтеді.

Мамандардың айтуынша, дәрілік құралдың әсер ету механизмі ағзадағы интерферондардың түзілуін ынталандыруға негізделген. Интерферондар — вирустарға қарсы табиғи иммундық қорғаныстың негізгі буындарының бірі саналатын ерекше ақуыздар. Олар жасушаларға вирустың енуі мен көбеюіне тосқауыл қойып, иммундық жүйенің тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді.

 

Аталған басылымның дерегінше, Қытайда жұлын жарақаты бар науқастарға арналған әлемдегі алғашқы инвазивті ми-компьютер интерфейсі медициналық құрылғысы нарыққа шығаруға мақұлданды.

Қытайдың Мемлекеттік дәрілік заттар басқармасы neuracle компаниясы әзірлеген «NEO» құрылғысын тіркеді. Аталған технология жұлын және мойын жарақаты салдарынан қол-аяғы сал болып, саусақтарының ұстау қабілетін жоғалтқан 18–60 жас аралығындағы науқастарға арналған.

Имплантацияланатын құрылғы ми сигналдарын нақты уақыт режимінде оқып, декодтау арқылы науқастарға ой көмегімен арнайы пневматикалық қолғапты басқаруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде заттарды ұстау, көтеру және күнделікті қарапайым әрекеттерді орындауға жағдай жасайды.

Мәліметке сәйкес, құрылғы эпидуральды әдіспен орнатылады, бұл ми тіндеріне келетін зақым қаупін төмендетеді. Сонымен қатар жүйе сымсыз қуаттандыру және байланыс арқылы ұзақ мерзім пайдалануға арналған.

Қазіргі уақытқа дейін құрылғы 36 науқасқа клиникалық сынақ аясында орнатылған. Нәтижесінде барлық қатысушыда қолдың ұстау функциясы белгілі бір деңгейде жақсарған. Кейбір науқастарда жүйке байланыстарының қалпына келу белгілері байқалған. 

Бейсен Сұлтан

0 пікір
Мұрағат