Швед министрі шариғат шәлісін жамылып, феминистердің шамына тиді
|
Өткен аптада Иран астанасына Швецияның сауда министрі Анн Линде бастаған делегация келді. Ресми сапармен. Ол ирандық әріптестерімен кездесу барысында және келісімге қол қою кезінде шариғат шәлісін жамылып алған еді. Оның бұл әрекеті шариғат шәлісіне қарсы отандастарының шамына тиді. Либералды партияның жетекшісі Ян Бьёрклунд зайырлы қоғам саналатын Швецияның билік өкілдеріне шариғат шәлісін жамылғаны жараспайтынын айтып, арнайы мәлімдеме жасады. Расымен де швед министрінің жергілікті халықтың әдеп-ғұрпын сыйлап, басына орамал тартқаны феминистер елінде кәдімгідей шу болды. Аталған партияның жетекшісі мәлімдемесінде мұнымен ғана шектелмей, ирандық тараптың шариғат шәлісін жамылуға қатысты талабынан бас тартуын, болмаса, келісімге өзге елде немесе Швецияның өзінде қол қоюға болатынын алға тартты. Ал Анн Линденің өзі Aftonbladet мерзімді басылымының тілшісіне берген сұхбатында бұлай істемеген жағдайда делегация құрамынан шығарылып қалатынын жеткізді.