|
Шетелдіктерге Мекке мен Мәдинадан жылжымайтын мүлік сатып алуға рұқсат етілді
|
Сауд Арабиясының билігі шетелдік азаматтарға исі мұсылман қастер тұтатын қос киелі қаладағы жылжымайтын мүлікке инвестиция құюға рұқсат беретін шешім қабылдады. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Al-Arabiya ақпарат көзіне жөн сілтеген IslamNews агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Саудияның капитал нарығын басқару басқармасы атап өткендей, мұндай қадам шетел инвестициясын ел экономикасына тартып, қасиетті қос қаланың инфрақұрылымын дамыту үшін қолға алынып отыр. Саудия аумағына бірер жылдан соң, дәлірегі, 2030 жылға қарай келетін қажылар қарасы артады. Шамамен 30 млн адам қажылық парызын өтейтін болады. Осыны ескерген аталған араб елінің билігі киелі қосы қаланың инфрақұрылымын кеңейтуге қажетті қаржының көзін шетелдік инвестициямен толтыруға мүдделі. Осы орайда 2019 жылы мемлекет қажылықтан 12 млрд доллар пайда тапқанын айта кетпекпіз. Қажылық пен ұмра – Саудия экономикасының маңызды тармағы. Саудия билігінің қасиетті қос қалаға қатысты шешімі жариялана салысымен меккелік құрылысшылардың акция бағасы бірден 10 пайызға қымбаттап шыға келді. Дегенмен, қос қаладағы жылжымайтын мүлікті сатуға шектеу қойылады. Саудия азаматтығын алмаған тұлғаларға жылжымайтын мүлікті меншіктеуде 49 пайыздан асырмайды.