|
Шетелдік еңбек мигранттарының ақшасы – кей елдердің «мұнайына» айналып барады
|
2024 жылғы күллі әлемдегі еңбек мигранттарының отанына аударған ақшасының жалпы шамасы 905 млрд долларға жеткен. Бұл жайында islam.kz порталы түрлі дерек көздеріне, соның ішінде Бүкіл әлемдік банк секілді халықаралық қаржы институттарының келтірген мәліметтеріне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. 2025 жылғы қорытынды есебі әлі жарияланбағандықтан бұл ретте 2024 жылдың көрсеткіштерін назарға аламыз. Үндістан еңбек мигранттарының ақша аударымына қатысты есеп жүргізіліп келе жатқан жылдардан бері көш бастап келеді. Мәселен, 2024 жылы шетелдегі үнді мигранттарына еліне 129 млрд доллар қаржы аударған, одан кейінгі орында Мексика тұр – 68 млрд доллар, ал үшінші орыннан Қытай көрінген – 48 млрд доллар. Бұл үш ел жұмысшы күшін экспорттаудан мол табыс тауып отырған елдер ретінде алға шығады. Орта Азия аймағында бұл тарапта Тәжікстанға 2024 жылы шетелдегі еңбек мигранттарынан жалпы ішкі өнімге шаққанда 45,4%-на жететін сомада қаражат аударған. Одан кейінгі орындарға иек артқан Тынық мұхиты елі Тонга (38,2%), Никарагуа да ЖІӨ-нің 27,2% -ын құрайтын ақша аударымына тәуелді. Сондай-ақ, шетелден еңбек мигранттары аударатын ақшаға барынша тәуелді елдер тізіміне Ливан (26,6%), Самоа (25,9%), Непал (25,7%), Гондурас (25,2%) және Қырғызстан (23,7%) кіреді. Бұдан бөлек, Пәкістан мен Бангладешті де осы тізімнен табуға болады. Үндістан ақша аударымынан пайда алатын елдер тізімінде көш бастап тұрғанымен, шетелдегі еңбек мигранттарының қаражаты 2022 жылы ЖІӨ-сінің 2,9% -ын ғана құраған. Бұл тізімге араб әлемінен Марокконы жатқызуға болады. Шетелдегі марокколық еңбек мигранттары ел экономикасында маңызды рөл ойнайды. Халықаралық валюта қорының дерегінше, осы жылдың қараша айының соңындағы мағлұмат бойынша шетелдегі еңбек мигранттарынан 111,53 млрд дирхам келіп түскен. Бұл көрсеткіш 2024 жылғысымен (109,8 млрд дирхам) салыстырғанда әжептәуір өскен. Яғни, бір жылдағы өсім – 1,6 пайыз. Сарапшылар ақша аударымдары резервтерді нығайтуға және импортты қаржыландыруға көмектесетінін алға тартып отыр, әсіресе, энергияға және тағам өнімдерінің импортына арналған шығындардың өсуіне байланысты қажетті шетел валютасының кіріс көзіне айналғанын атап өтті. Елдің қаржылық саясатындағы маңызынан бөлек, ақша аударымдары қуатты әлеуметтiк факторға ықпал етіп отыр. Ақша аударымының 65-тен 70 пайызға дейінгісі тікелей үй шаруашылықтарына жіберілетіндіктен бұл фактор экономикаға қажетті тұтыну деңгейін төмендетпей ұстауға жәрдемдеседі, әлеуметтік шығындарды азайтады және мыңдаған отбасылар үшін тұрақты табыс көзін қамтамасыз етеді. Елге аударылған ақша валюталық резервтердi нығайтып, ақша буферiн қамтамасыз етсе де жергiлiктi деңгейде жеткiлiктi өндiрілмейтін тағам өнiмдерi мен өнеркәсiп ресурстарына деген импорт тәуелдiлiгінен құтқармайды. Мәселен, Мароккодағы ақша аударымдары 1,6 пайызға өскенімен, импорт 9 пайыздан астам ұлғайған. Мароккодағы ақша аударымдарының 10 пайыздан астамы инвестицияға, ал 1 пайызы жоғары қосымша құны бар жобаларға жұмсалған. Қаражаттың көпшілігі экономикаға әсері мен деңгейі төмен жылжымайтын мүлікке немесе қызметтерге бағытталады. Сарапшылар ақша аударымдары ешуақытта экономиканы алға сүйремейтінін, керісінше мұнай шикізатынан түсетін табысқа тәуелділікке ұқсас тәуелділік тудыратынын алға тартып отыр. Сосын ақша аударымдары әр жылдары әрқалай болатындықтан оны нақты әрі сенімді кіріс көзі ретінде бағалауға болмайды.