Шектен шыққан қылмыскерлердің бетін шектен шыққан әрекетпен қайтаруға кірісті (видео)
|
Сальвадор президенті Найиб Букеле (суретте) полиция мен әскерилерге бандылармен күресте атыс қаруын пайдалануға рұқсат етті. Яғни, қарсыласқан бандылар мен қылмыскерлерді сотсыз атып жаралауға рұқсат етті. Адам қанын судай төгіп, айуандық пен заңсыздыққа барғандармен заңды белден басып күресуге ден қойып отыр. Аталмыш ел президентін мұндай қадамға ел аумағында ұйымдасқан қылмыс түрлерінің өршіп кетуі мен қылмыскерлердің қолынан кісі өлімінің көбейіп кеткені итермеледі. Бұл жайында колумбиялық El Espectador ақпарат ресурсы хабар таратты. Мәселен, сәуір айының 29-ы күні қылмыскерлердің қолынан 29, кей ақпарат көздерінің хабарынша 40 шақты адам қаза тапқан. «Полиция мен қарулы күштер сапындағы сарбаздар ең алдымен өздерінің, жолдастарының және азаматтардың қауіпсіздігін ойлауы керек. Өзін-өзі немесе салвадорлықтарды қорғау үшін атуға рұқсат етіледі»,- деп мәлімдеді Найиб Букеле. Салвадор президентініңбар жауапкершілікті өз мойнына ала отырып, мұндай шешім қабылдағанын айта кету керек. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының күллі әлемде өршіп тұрған жұқпалы індетке байланысты қабылдаған әлеуметтік арақашықтықты сақтау секілді сақтық шараларын ұмытқан Сальвадор билігі түрме қабырғасындағы жазасын өтеп жатқан тұтқындарды шешіндіріп, бір-біріне тақап отырғызып қойып, олардың камераларына тінту жүргізді. Оңтүстік Америка құрлығында орын тепкен аталған елде қылмыстық топтың мүшелері 70 мыңға жеткен. Олардың тобы түрме қабырғасында жасақталып, сол жерден банды серкелері қылмыстық әрекеттерді басқарады. Солтүстік және Оңтүстік Америкаға танымал Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының жетекшісі Хосе Мигель Виванконың (José Miguel Vivanco) айтуынша, Салвадор президенті өз құзыретін асыра пайдаланып отыр.