Шейх билікке қорқынышты дұғасын тағы қайталады (ВИДЕО)
|
Шейх Мұхаммед Жибрил өткен жылы айтқан Мысыр билігіне қорқынышты дұғасын тағы қайталады. Бұл жолы Лондон қаласынан. Өткен Рамазан айындағы осы дұғасы үшін имамдық қызметінен шеттетілген болатын. Ол бұл жолы да тирандар мен сыбайлас жемқорларға, былайынша өз сөзімен айтқанда, «Перғауындардың ізбасарларына» қарсы Жаратқаннан жалбарынып дұға етті. Лондонның орталық мешітінде тарауық намазы кезінде. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы қасиетті Рамазан айында, дәлірегі, Қадір түнінде «жер бетінде әділетсіздік пен бүлік сеуіп жүрген тирандарды» жазалай ғөр» деп, биліктің зәресін алып, құтын қашыратын дұғасын айтқан болатын. «Уа, Алла Тағалам, балаларымызды жетім қалдырғандар мен қанымызды төккендерді жазала. Уа, Алла Тағалам, «Перғауын сиқыршылары» - тілшілерді, коррупционерлерді, әділетсіздік жасағандарды жазала! Уа, Алла Тағалам, сатылғыш шейхтерді жазала»,- деген дұғасы жамағат та «амин» деп, қолдау білдірген. Шейх дұғасында ешкімнің атын атап, түсін түстемесе де билік дәлізінде жүргендердің шамына тиіп алды. Уақыптар министрі Мұхаммед Мұхтар Гумаа Жибрилдің имам және хатыб ретінде қызметін тоқтатуға пәрмен берді. Оның уағыздары да теледидар мен радио эфирлерінен алынып тасталды. Бұған қоса, осы дұғасы үшін оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Әлемге әйгілі «әл-Азһар» университеті басшысының орынбасары әрі шейх Аббас Шуман ел басшыларына теріс дұға етуге дінімізде тыйым салынғанын айтып, мәлімдеме жасады. Айта кетейік, Жибрил де осы аталған жоғарғы оқу орнының түлегі. Ол осы университет қабырғасынан «шариғат және фиқһ» мамандығын алып шыққан.