Шегірткелер қарулы күштер сапында маңызды қызмет атқарады
|
Сент-Луис қаласында орын тепкен Вашингтон университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, америкалық шегіртке (Schistocerca americana) тротил, гексоген, пентрит және аммония нитратын қоса алғанда түрлі арылғыш заттарды иісінен ажырататын қабілетке ие болып шықты. Осыған байланысты АҚШ-тың әскери-теңіз күштерінің тапсырысы бойынша аталмыш жәндіктен сапер киборгтарды дайындалатын болды. Сөз орайы келгенде айта кету керек, әскери мақсатта жануарларды пайдалану бұрыннан бар. Мысалы, көкте самғайтын кептерлерден бөлек, суда жүзетін дельфиндерге дейін тыңшылыққа пайдаланылған болатын. Қарт тарихтан өздеріңіз білетіндей, көне Мысырдың аса қуатты әскеріне мысықтарды жау жағы қалқан етіп шыққан. Мысықтар мысырлықтардың қастер тұтатын, дәлірегі, құдай орнына сиынатын болғандықтан мысықты қалқан еткен жауына қару кезене алмай кері шегінген еді. Бұдан бөлек, әлемге әйгілі Ақсақ Темірдің Үндістанға жорығында үнділердің пілді қарсы айдап салғанын да жақсы білесіздер. Алайда, жәндіктерді әскери мақсатта пайдаланылғаны туралы дерек жоқтың қасы. Десе де замануи зерттеулер жәндіктерді түрлі мақсатта пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Бұл сөзімізге америкалықтардың осы бағыттағы зерттеуі дәлел бола алады. Бұл жайында islam.kz порталы ScienceDaily ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Мамандар аталмыш жәндіктің миына электродты кіріктіріп, оның көмегімен жәндіктің иіске қалай реакция танытанын біле алды. Яғни, жәндіктің танытқан реакциясына қарай қай жерде не барын анықтап отырады. Мәселен, азық пен қорекке реакциясы басқаша болса, жарылғыш заттарға кездескенде өзге реакция танытады. Сол реакциясына қарай қауіптің қайда екенін алдын ала білетін болады. «Электрод енгізілген шегіртке жарылғыш затты иісінен таниды, иістің қайдан шығып жатқанынан хабар береді. Бұған қоса, бұл жәндік тротилді динитротолуолдан шапшаң әрі дәл ажырата алады. Белгілі болғандай, шегіртке миындағы нейрондар тротил мен динитротолуолға, сондай-ақ, өзге де химиялық заттарға түрліше реакция танытады»,- деп айтылған хабарламада.