Шартарап: Норвегия аспанында түн ішінде жарық шұғыла пайда болды (видео)
Шартарап: Норвегия аспанында түн ішінде жарық шұғыла пайда болды (видео)
8 жыл бұрын 5014 24.kz, hessdalen.com/images/, tengrinews.kz Г.Абилова

Норвегияның Хессдален даласында елең еткізерлік жағдай болды. Мұнда түннің бір уақытында кенеттен бұлттар арасынан пайда болған жарық техникалық станцияның бейнекамерасына түсіп қалған. Егер роликті мұқият қарасақ, аспаннан үлкен қара дискті көруге болады. Диск шамамен жарты сағат айналасына жарық шашып тұрған. Бұл құбылыстың солтүстік шұғыласы емес екендігі анықталды. Себебі, шұғыла ешқашан елдің батыс бөлігінен пайда болған емес. Ал жергілікті жұрт бұл дискті «ұшатын тәрелке» деп жүр. Өйткені, 1981 жылдан бастап, бұл даланың аспанында осындай дисктер көрінетін болған. Жалпы норвегиялықтар Хессдален даласын бөгде планеталықтардың Жердегі базасы санайды.

Данияда су бетінде қалқып тұратын эко-жатақхана пайда болды (видео)

Дания астанасы Копенгагенде ерекше жатақхана пайда болды. Ол теңіз контейнерлерінен салынған және су бетінде қалқып тұрады. Кешенде бас-аяғы 12 пәтер бар. Электр энергиясы олардың төбесіне орнатылған күн батареяларынан алынады. Оның үстіне, қоршаған ортаға зиянды заттар бөлмейтіндіктен, экологиялық таза саналады. Негізі Копангаген әлем бойынша тұрғын үйлері ең қымбат қалалардың бірі. Ал мына баспанада студенттер айына 650 еуро төлеп тұра алады. Енді алғашқы тұрғындар қазанның аяғында қоныстана бастауы тиіс. Келесі жылы жоба авторлары көршілес Швецияда да осындай кешен тұрғызуды жоспарлап отыр. Александр Лудруп, «Мurban Riggers» компаниясының басшысы: - Студенттер таза ауамен тыныс алып, теңіз жағасында тұра алады. Бұл қаланың қарбалас тіршілігінен мезі болған жандар үшін тамаша мүмкіндік.

Жапониядағы мысықтар мен иттер өмір сүру ұзақтығы жөнінен рекорд орнатуда (фото)

Жапониядағы мысықтар мен иттер өмір сүру ұзақтығы жөнінен рекорд орнатып жатыр. Олардың өмір сүру ұзақтығы - 13,2 мен 11,9 жыл, - деп жазады "Bloomberg" ақпарат көзі. Бұл туралы Токио ауыл шаруашылығы және технология университеті мен Жапония ұсақ жануарлар дәрігерлері ассоциациясының сарапшылары мәлімдеді.

Сарапшылар жануарлардың осылайша ұзақ өмір сүруінің себебі деп, оларды вакцинациялау, мал дәрігерлері қызметінің жетілуі мен жануарларға берілетін сапалы тағамды атап отыр. Сондай-ақ, Жапониядағы үй жануарларының саны балалардың санынан асып түскені де айтылады. 2015 жылдың өзінде Жапонияда 19,8 миллион ит пен мысық тіркелген екен. Ал 14 жасқа дейінгі балалардың саны 15,9 болған.

Ел үкіметінің 2010 жылы жүргізген зерттеуіне сәйкес, Жапонияда әрбір үйдің шамамен 34 пайызы жануар асырайды. "Адамдар тез қартаятын және жалғыздықта өмір сүретін елде жануарлар саны бойынша адамдардан озып кететін көрінеді. Жануарлардың иелері оларды тамақтандырып, киіндіріп, тіпті массаж да жасатады", - делінген жарияланған мақалада.


© REUTERS/Thomas Peter

© REUTERS / Carlos Barria


© REUTERS/ Thomas Peter


© REUTERS/Yurioko Nakao 

0 пікір
Мұрағат