Шартарап: Жанартаудан атқылаған күл Мехико көшелерін басып қалды (ВИДЕО)
|
Мексика астанасының бірнеше ауданындағы көшелерін Попокатепетль жанартауынан атқылаған күл басып қалды. Бықсып жатқан жанартау 31 шілде күні оянып, күл мен бу атқылай бастады. Аспанға атылып жатқан көріністердің алғашқы кадрлары "Twitter" әлеуметтік желісінде жарияланды. Дегенмен, бұл табиғи апат Мехиконың халықаралық әуежайының жұмысына кедергі келтіре алмады. Өйткені, жел оған қарсы беттен соққан болатын.
Австралия құрлығы солтүстікке қарай «жылжып» барады
Тектоникалық жылжулардың салдарынан Австралия құрлығы солтүстікке қарай 1,5 метрге жылжыды. Бұл өзгеріс соңғы 22 жылдың ішінде болған. Бұл қорытынды GPS-өлшемдер негізінде жасалды. Осыған байланысты Австралия ғалымдары құрлықтың географиялық нүктелерінің ресми координаттарына өзгеріс енгізуге мәжбүр. Австралия құрлығы - ғаламшардағы ең жылдам материктердің бірі, ол солтүстікке және аздап батысқа қарай жылына 7 сантиметрге жылжып отырады. Бұл қозғалыс салдарынан сол маңдағы жер сілкінуі мүмкін.