Шариғат шәлісін жамылған әйелдерді «аулау» сәтін таспаға тартып алғаны үшін қамалды (ВИДЕО)
Шариғат шәлісін жамылған әйелдерді «аулау» сәтін таспаға тартып алғаны үшін қамалды (ВИДЕО)
9 жыл бұрын 5652

Тәжікстанның Исфар қаласында тәртіп сақшыларының көшенің қақ ортасында тапа тал түсте шариғат шәлісін жамылған қыз-келіншектерді топ-тобымен «аулап жүрген» сәтін таспаға тартып алған адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл жайында «Tajinfo.Org» ақпарат көзі хабар таратты. Тәжікстанның және Ресей Федерациясының азаматы, 30 жастағы Өкіл Шәріпов тұтқындалып, оған Тәжікстан Қылмыстық кодексінің 189 бабының 1-тармағы (нәсілдік және діни араздықты қоздырғаны үшін) бойынша айып тағылды. Оған бес жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр. 15 жыл Ресей Федерациясы аумағында тұрған Өкіл Исфар қаласындағы ата-анасына қонаққа келіп, ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің шариғат шәлісін жамылған әйелдерді жаппай ұстап жатқанының үстінен түскен. Үстінен түскен де көргендерін таспаға тартып алған. Содан соң роликті танысына жіберген, ал ол өз кезегінде бұл роликті ғаламторға салған. Видеоның комментариінде автор шариғат шәлісін жамылған қыз-келіншектердің саусақ іздерін алып жатқанын жазыпты. Өкіл Шәріпов бірнеше күннен кейін әкімшілік жазамен жеті тәулікке қамалған – билік өкіліне бағынбағаны үшін. Содан соң оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, екі ай мерзімге қамалды. «Милиция шариғат шәлісін жамылған әйелдерді қуғындамайды және ер-азаматтардың сақалын мәжбүрлеп қырғызбайды деген өтірікті әшкерелегені үшін оның өзі шенеуніктердің заңсыз әрекетінен қылмыскер болып шықты»,- деп айтылған аталмыш ақпарат көзінің хабарында. Өкіл Шәріповтың қорғаушысы, есімі елге белгілі құқық қорғаушы Фазиниссо Вохидов бұл видеоның ішкі істер министрінің шамына тигенін айта келіп, дереу оның авторын тауып, тұтқындауға пәрмен бергенін жеткізді. Сондай-ақ, ол милиция қызметкерлерінің тұтқынның әке-шешесіне қорғаушысын басқа біреумен алмастыруы үшін қысым көрсеткенін де жайып салды. Арнайы қызметтің мемлекет қауіпсіздігін желеу етіп, сақал жіберіп, шариғат шәлісін жамылғаны үшін заңнан аттамайтын бейбіт тұрғындарды күдіктіге айналдыруы белең алып барады. Тіпті, ел билігінің бұл тарапта асыра сілтеушілікке жол бергенін мына көрсеткіштерден де байқауға болады: мәселен, Хатлон облысының 13 мыңға тарта тұрғынының сақалын мәжбүрлеп қырғызып тастаған. Бұған қоса, екі мың әйел басындағы шариғат шәлісін шешуге мәжбүр болған.   

0 пікір
Мұрағат