Шам жеріндегі Иран факторы
Шам жеріндегі Иран факторы
7 жыл бұрын 5169 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Лондон қаласында шығатын саудиялықтардың "Аш-Шарк аль-Аусат" мерзімді басылымында Иран билігінің Шам жеріндегі әлеуеті егжей-тегжейлі баяндалған мақала жарық көрді. Ирандықтардың Шам жеріндегі ықпалы қандай? Бір белгілісі, ирандықтар әзірге Шам жерінен кете қоймайды. Өйткені, Сириядағы инвестициясының жемісін көруі керек. Соңғы жылдары Иран Сирия үшін 30 млрд долларын "құрбан еткен". Тарқатып айтқанда, Шам жеріндегі әскери мақсатта және азаматтық жобаларға жұмсаған қаржысы зая кетпеуі тиіс. Бұл жайында бұрынғы Иран дипломаты әрі америкалық ғалым Мансұр Фарканг мәлім етті. Тафтс университетінің құқық және дипломатия мектебінің Таяу Шығыс жөніндегі маман Надим Шехадидің айтуынша, Иран билігі Сирия үшін жылына шамамен 15 млрд доллар шығындайды. Ал жалпы есеп бойынша бұл қаражат 105 млрд долларға жеткен. Сонымен, бұл қомақты қаражаттың көп бөлігі Шам жеріндегі өзінің әскери базасын жасақтап, жабдықтауға, Таяу Шығыс пен Орта Азия елдерінен жалдамалылар тартуға, жаралылар мен қаза тапқандар отбасына өтемақыға жұмсалған. Қазіргі уақытта Шам жерінде ирандықтардың 11 әскери базасы бар, сондай-ақ, ливандық "Хезболланың" 15 базасы, бұдан бөлек шииттік қарулы жасақтардың 9 базасы орналасқан. Бұл әскери базалар Шам жерінің әр түкпірінде ұшырасады. Ливанмен, Иракпен, Түркиямен шекаралас өңірлерден кездеседі. Соңғы уақытта Иран билігі тағы бір әскери базаны Израилмен және Иорданиямен арадағы шекара маңында ашуға талпынып жатыр. Алайда, ирандықтардың бұл әрекетіне Израил ғана емес, сонымен қатар, Израилдің жақын одақтасы АҚШ-тан бөлек Ресейдің өзі бөгет жасауда. Ал ирандықтардың Шам жеріндегі азаматтық жобаларына келсек, ирандықтардың "Жиһад әл-Бинаа" деп аталатын қайырымдылық қоры Алеппо және өзге де соғыстан жермен-жексен болған қалаларында мектеп, жол, т.б. инфрақұрылым жобаларын қолға алып жатыр. Сонымен қатар, ирандық  компаниялар Сирия билігі жариялаған байқауда ауыл шаруашылық техникаларымен жабдықтау, фосфат өндіру, электр желілерін жөндеу, қант өңдеу салаларында тендер ұтып алған. Ирандықтар Сирия мен Ирак шекарасының көп бөлігін бақылап отыр: Сирия шығысындағы стратегиялық маңызы зор аудандар мен негізгі құбырларды да қамтиды. Ирандықтар Сирия билігіне аса қомақты демеу қаржы бөліп оыр - 4,5 млрд доллардан кем емес қаражат 2013 жылдан беріліп келеді. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, ирандықтар бұл елден билік басынан Башар Асад кеткен соң қарасын батыруы мүмкін. 

0 пікір
Мұрағат