Сепаратистер тұтқиылдан соққы берді
Сепаратистер тұтқиылдан соққы берді
9 жыл бұрын 3083

Иранның бұқаралық ақпарат құралдары «Аһрар әл-Нажран» («Нажранның азам азаматтары»)  сепаратистік тобының Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі әскери базаға шабуыл жасап, басып алғаны турасында хабар таратты. Нақтырақ айтқанда, бұл жайында ирандық «Fars» ақпарат агенттігі хабар таратты. Аталмыш ақпарат көзінің келтірген дерегіне қарағанда, сепаратистер Йеменмен шектесіп жатқан Нажран провинциясында орын тепкен әл-Машалидегі әскери базаны басып алған. Нажран провинциясынан оңтүстікке қарай 10 шақырым қашықтықта жатқан Хабаш елді-мекенінде болған ұрыс барысында саудиялық үкімет әскерінен бірнеше адам опат болған. Ал сепаратистер қанша адамынан айырылды? Бұл турасында айтылмаған. Аталмыш сепаратистік топ негізінен мұсылман шиттер тұратын провинцияны Сауд Арабиясының құрамынан бөліп әкетуді көздейді. Онымен ғана шектеліп қалмай, Йемендегі заңды билікке бас көтерген шииттік хусит тайпасымен бірігуді көздеп отыр. Сауд Арабиясының әскеріне бірге қарсы тұру үшін. Айта кетейік, Нажран Йемен мен Сауд Арабиясының арасына қағылған сына тәрізді. 1920-30 жылдар аралығында осы провинция үшін екі елдің арасында қақтығыс орын алып, нәтижесінде бұл ұрыста Сауд Арабиясының мерейі үстем түскен еді. Десе де, бұл провинцияда ара-тұра қақтығыс орын алып тұрады. Қандай қақтығыс болмасын, Сауд Арабиясы оларды күшпен басып келеді.

0 пікір
Мұрағат