Семіз елдің сырқаты
|
АҚШ-тың ауруды бақылау және алдын алу (профилактика) орталығы келтірген ұлттық статистикалық мәліметке сәйкес аталған ел аумағында 100 млн-ға тарта адам сусамыр сырқатына шалдыққан және осы дертке шалдығу қатері төнген. Бұл жайында Medical Xpress мерзімді басылымы хабар таратты. Аталған дерек көзінде айтылғандай, 2015 жылы 30,3 млн-ға жуық адам, яғни, ел тұрғындарының 9,4 пайызы сусамырмен ауырған. осы жылдың өзі бұл дерттен тағы 1,5 млн адамның зардап шегетіні анықталған. АҚШ-тың 84,1 млн азаматы сусамыр сырқатына шалдығу қатеріне тап болған. Мамандардың айтуынша, бес жылдың ішінде сусамыр сырқатына шалдығу қатері төнген азаматтар дертің екінші сатысына өтіп, аталған дерттен зардап шегетін болады. 7,2 млн америкалық өздерінің бойында аталған сырқаттың белгілері барын білмеген. Яғни, 88 пайызы. Айта кетейік, 2015 жылы қант диабеті осы елдегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің біріне айналған еді. Әсіресе, жас 65-тен асқан қарт адамдардың төрттен бірі аталған аурудан зардап шеккен. Айта кетейік, сусамыр ең алдымен артық салмақ жинаудан, яғни, семіздіктен, дұрысы, дұрыс тамақтанбаудан болатын дерт. Бұл дерт дамыған елдерге тән болып отыр. Індетке айналды десе де болады.
Ал еліміздегі сусамыр сырқатына шалдыққандар саны 2015 жылғы мәлімет бойынша 300 мыңнан асып кеткен. Десе де мамандар бұл аурудан зардап шегетін азаматтарымыздың қарасы бұл көрсеткіштен де жоғары екенін айтып отыр.