Саудиялық әйелдерге қоғамдық көлік жүргізуге рұқсат беріледі
|
Саудиялық әйелдер үшін осы бір айдың ішінде жағымды жаңалыққа толы болды. Оларға королдің жарлығымен автокөлік жүргізуге рұқсат беріліп қана қоймай, сонымен қатар, қоғамдық көлікті басқаруына да мүмкіндік берілмек. Аталған елде әйел адам басқаратын қоғамдық көлікті тек әйелдер ғана пайдалана алады. Саудияның мемлекеттік көлік басқармасының президенті Румаиха ар-Румаих мәлімдегендей, жүргізу куәлігіне ие болған әйел адамға тиісті жұмыс саласында қызмет етуіне мүмкіндік туады. Бұл жайында Arab News ақпарат көзі хабар таратты. Осылай дей келе мемлекеттік қызметкер ендігі жерде шетелдік әйелдердің орнын саудиялық әйелдер басатынын, бұл саладағы монополиядан осылай құтылуға бел байлап отырғандарын жеткізді. Айта кетейік, қазіргі уақытта Саудия аумағында 220 000 саудиялық ер-азамат көлік қызметін ұсынып жүр.