Саудия қажылықты қашанғы саяси мүддесіне пайдаланады
Саудия қажылықты қашанғы саяси мүддесіне пайдаланады
6 жыл бұрын 4048 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Бірқатар араб елдерімен, соның ішінде, Саудиямен дипломатиялық қатынасы үзілген, әуеден, теңізден және құрлықтан блокадада қалып қойған Катардың ислам істері жөніндегі уақыптар министрлігі катарлық қажыларға қажылық парызын өтеуге тыйым салды деген саудиялық бұқаралық ақпарат құралдарының таратқан хабарын теріске шығарып отыр. "Министрлік бұл мағлұмат шындыққа жанаспайды. Қажылықты саяси мақсатқа пайдаланылуы мүмкін деген күмән бар. Бұл күмән Саудияның, Біріккен Араб Әмірліктерінің және Бахрейннің катарлық азаматтарға 2017 жылдың маусым айынан бастап өздерінің ел аумағына енуіне тыйым салынғаннан бері бар",- деп айтылған мәлімдемеде. Осыдан біршама уақыт бұрын аталмыш министрлік өкілдері саудиялық әріптестерімен, дәлірегі, Саудияның қажылық және ұмра жөніндегі министрлігімен байланысып, Саудиядағы және БАӘ-дегі катарлық азаматтардың қасиетті сапарға аттануда алдынан шығатын, қолдан жасалған кедергілер мен қиындықтарды жою туралы өтінішіне қарамастан Саудияның аталған құзырлы орны бұл өтінішті елеусіз қалдырған болатын. Яғни, жауап қайтармады. Катар билігінің келтірген дерегіне қарағанда, Саудия бұрынғыша катарлық қажылар мінген ұшақтың ел аумағында ұшып-қонуына, сондай-ақ, қажылық кезінде катарлық азаматтардың қауіпсіздігін қадағалауға кедергі келтіруде. Бұдан біраз уақыт бұрын кіші қажылыққа келген катарлық азаматтар Жидда қаласының әуежайынан кері қайтарылған болатын. Осы келеңсіздікке байланысты Катар билігі Саудиядан қажылықты саяси мақсаты мен мүддесіне пайдаланбауды талап етіп отыр. Мұндай жағдай тек катарлық қажылардың басында ұшырасып отырған жоқ. Естеріңізде болса, осыдан бірер жыл бұрын Иранмен арасы нашарлап кеткендіктен ирандық қажыларға да қолдан тосқауыл қойылғанын хабарлаған едік. Саудия билігінің осындай шектен шыққан әрекеті мұсылман елдерінің наразылығын тудырып отыр. Саудияның бұл әрекетіне тосқауыл қоятын қандай да бір шара әлі күнге қолға алынбай отыр. 

0 пікір
Мұрағат