Саудия Григориан күнтізбесін қолдануды заңдастырды
|
Саудия билігі хижра жыл санауын басшылыққа алатын шариғатпен байланысты жағдайларды есептемегенде барлық ресми операциялар үшін григориан күнтізбесін пайдалануды ресми мақұлдады. Бұл жайында islam.kz порталы Arab News ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл бағыттағы хабарға қарағанда, мұндай шешімді аталған араб елінің тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның өзі жетекшілік ететін министрлер кабинеті қабылдаған. Әлбетте, саудиялықтар әдеттегіше хижра жыл қайыру күнтізбесіне басымдық бермек. Саудия билігінің мұндай қадамға, Ер-Рияд қаласындағы мемлекеттік басқару институтының құқық профессоры Осам Ғаным әл Обайданың пікірінше, бизнеске қолайлы жағдай жасау үшін барып отыр. Дәлірегі, әлемнің барлық елі дерлік өз заңнамасында, мәмілелерінде, процедуралық регламенттерінде осы күнтізбені пайдаланады. Саудия билігінің бұл шешімі өз кезегінде ел аумағындағы шетелдіктердің бизнесіне қолайлы жағдай тудырып, Саудия экономикасына оң серпін беруі тиіс.