Сарапшылар адамзатқа төнген тағы бір қауіпті атады
Сарапшылар адамзатқа төнген тағы бір қауіпті атады
7 жыл бұрын 3462 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ол - аштық. Дәл қазіргі уақытта әлемде 100 млн-нан аса адам ашқұрсақ жүр және олардың кез келген уақытта аштықтан өзегі талып өліп кетуі мүмкін. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артпаса, кемімейді. Бұл жайында Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымындағы төтенше жағдайлар бөлімшесінің директоры Доминик Биргон мәлімдеді. Аталған ақпарат көзінің дерегіне қарағанда, аштыққа ұшыраған адамдардың дені соғыс жүріп жатқан аймақтарда өмір сүреді. Бұған қоса, олардың дені соғыстың кедергі келтіруіне байланысты гуманитарлық көмекті дер кезінде ала алмай отыр. Атап айтқанда, Йемен, Сомали, Оңтүстік Судан және Нигериядағы жақандық жылынудан бірнеше жылдан бері құрғақшылық жайлаған. Оңтүстік Суданда ресми түрде аштық жайлағаны жарияланды. БҰҰ-ның бүкіл әлемдік азық-түлік ұйымы келтірген мәлімет бойынша Йеменде 17 млн-нан аса адамға аштық қауіп төндіріп тұр және бұл көрсеткіш әр 9 ай сайын 20%-ға артып отырады. Мұндай жағдай тек Африка елдерінде ғана емес, сонымен қатар, Оңтүстік Америка, Азия және Қиыр шығыс елдерінде де ұшырасады. Осы тамыз айының басында ағылшындардың Chatham House талдау орталығының есебі келтірілген мақаланы испандардың «El Pais» мерзімді басылымы жариялаған екен. Аталмыш мақалада әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 14 географиялық мекендер мен инфрақұрылым нысандары көрсетілген. Мәселен, Қара теңіз жағалауындағы теміржолды, Қара теңіз айлағын, Босфор бұғазын, Дарданелді, Гибралтарды, Аден, Ормуз, Малакко және өзге де бұғаздарды, сондай-ақ, Суэц пен Панама каналдарын жабу әлемнің әр түкпірінде азық-түлік тапшылығын сөзсіз тудырады. Егер алда-жалда аталған аймақтарда соғыс өрті тұтана қалса, азық-түлік қауіпсіздігі төмендемек. 

0 пікір
Мұрағат