Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілдері шекаралық ынтымақтастық кездесу барысында Қытай сақал қойған және діни дәстүрмен киінген адамдарды өз территориясына өткізбей отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Сақал өсіргендерді шекарадан өткізбей жатыр
|
«Біз қытайлық тарапқа өз территориясына адамның сыртқы келбетіне қарап, шекарадан өткізбей тұрғанын жеткіздік. Олар өздеріндегі ведомствоаралық нұсқаулыққа сәйкес, солай жасап отырғанын түсіндірді. Бірақ бұл мәселені біз әлі де қозғаймыз, келісімге келеміз және әрі қарай болатын шараларды бірге реттейміз», - деді журналистерге бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин.
Кездесу барысында Алматы облысынң прокуроры Азамат Жылқыбаев та баяндама оқыды. Оның айтуынша, бұл жағдай «Қорғас» бекетінде орын алыпты.
«Қорғастың» арнайы көлік, жаяу жүргінші өтетін орталығында қосымша бақылау-тінту пунктері орнатылған. Ол осы жылдың сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді. Сол орталықта Қытайдың әскери бөлімшелері өз тарапына келе жатқан жеке тұлғаларды да, көліктерді де бақылап, тексереді. Бұл шараны Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының басшылары діни экстремизм және халықаралық терроризммен қарсы күрес ретінде қолданған. Сондықтан сақалы бар, мұсылман дінінің дәстүрлерімен киінген адамдар, азаматтығына және ұлтына қарамастан Қытай жаққа өте алмайды. Бұл қазақстандықтардың, сондай-ақ біздің еліміз арқылы өтетін өзге ел азаматтарының орталыққа келуіне кедергі жасайды. Тағы екі ел арасындағы тауар айналымы қысқарып қалуы мүмкін. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, әскери-өткізу пунктінің жұмысын 2005 жылдың 25 тамызында қыбалданған «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы қызметін реттеу туралы талаптар мен келісімдерге сәйкестендіруді ұсынамыз. Бұл келісімнің 17-бабында мұндай жағдайды тек табиғи апат, эпидемия, төтенше жағдайлар болған кезде ғана қолдануға болады делінген», - деп мәлімдеді Алматы облысының прокуроры.
Ал кездесуге келген Қытайдың Бас халық прокуратурасы халықаралық ынтымақтастық басқармасының бастығы Го Синван журналистерге бұл жағдай туралы бірінші рет естіп тұрғанын айтты.
«Қытай үшін «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы - Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың дамуын көздейтін үлгілі аймақ. Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы жеке мақсаты үшін мұндай жағдайларға жол бермеуі керек», - деген пікір білдірді.