Саналы түрде балалы болудан бас тартқан ерлер мен әйелдерге арнайы салық салынуы мүмкін
|
Ресейдегі жылдан жылға кері кетіп бара атқан демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында құрылған «Аналар кеңесінде» бала тудыруға және бала көтеруге қабілеті бола тұра перзент сүюден саналы түрде бас тартқан ерлер мен әйелдерге арнайы салық салу турасында ұсыныс айтылды.. Бұл жайында аталмыш ұйым басқармасының жетекшісі Татьяна Буцкая «Мәскеу сөйлеп тұр» («Говорит Москва») радиостанциясының эфирінде мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл салықтың мөлшері айына шамамен 500 рублді құрайды. Осы салығын мемлекетке төлесін де алға қойған мақсатын ұмтыла берсін, саяхаттай ма, білім ала ма, мансап жолын қуа ма, өзі біледі. Ол бұл салық бала тудыруға және бала көтеруге қабілетті жастағы барлық ерлер мен әйелдерге салынуы тиіс деп есептейді. Ал перзент сүюге денсаулығы көтермейтін, соның ішінде, белсіздік пен бедеуліктен зардап шегетіндерге мұндай салық салынбайды. Осындай радикалды шаралармен елдегі туу көрсеткішін көтеруге әрі сол арқылы ұлт болып жойылып кетуден аман қалуға болады, деп есептейді. Осы орайда мұндай мәселе бұрындары Башқұртстанда да көтерілгенін айта кету керек. Тіпті, РФ құрамындағы аталған республиканың мемлекеттік құрылтай жетекшісі Константин Толкачев мұндай салықтың КСРО кезінде болғанын алға тартып отыр.