Саммиттің қорытындысы бойынша ИЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі жоспары қабылданбақ
|
Ислам Ынтымақтастық Ұйымының кезекті ХІІІ саммитіне жиналған 57 елдің өкілдері Ыстамбұлда бас қосты. «Бірлік пен ынтымақ, әділдік пен бейбітшілік үшін» деп айдар таққан саммитке Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы шақырту алған. Себебі, жаһанды жайлаған қарулы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуде Қазақстанның үлесі зор. Сол үшін Қазақстанның Көшбасшысынан тараптар бірегей бастама мен ұсыныстар күтетінін жасырмайды. Самитте сөз алған Елбасы исламдық инфрақұрылымдық интеграция жобасын әзірлеуді ұсынып, келер жылы Астанада ұйымның ғылым мен теxнологиялар жөнінде саммитін өткізуге шақырды. Әлем жұртшылығы бүгін Ыстамбұлға көз тікті. Күллі Ислам елдерінің келешегі талқылануда. Басқосуға келген делегация басшыларын Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған қарсы алды. Саммит алаңдарында алғашқылардың бірі болып Нұрсұлтан Назарбаев көрінді. Жиынға келген 57 лауазымды тұлғаның 30-дан астамы мемлекет және үкімет басшылары болып саналады. Байқаушы статусына ие мемлекеттердің өкілдері де Ыстамбұлдан табылды. Бірлескен суретке түсу рәсімінен кейін келген меймандар қол алысып жатты. Бүгін төрағалық тізгі Түркияға берілді. Бірлестіктің жұмысын белсенді жүзеге асыруға ресми Анкара білек сыбана кірісті. Ұйымның ұстанымдарын алға тартып, төңіректегі түйткілдерді шешуге үлес қоспақ. Мән беретін мәселе көп. Таяу Шығыс, Африка мен Азия құрлығындағы әскери-саяси, әлеуметтік-экономикалық дағдарыс тұрақты дамуға кері әсер етіп тұр. Енді Таулы Қарабақтағы түйткілдің белең алуы да Ислам әлемін алаңдатуда. Көпшілік оны бейбіт диалогпен шешу керек деп есептейді. Жаһандық мәселелерге қатысты ұсыныстарын Қазақстан да ортаға салды. Елбасы көпшілік алдында сөз сөйледі. Бірақ ол сессия жабық есік жағдайында өтті. Нұрсұлтан Назарбаев ұйым мүшелерін алаңдатып отырған мәселерлерді шешудің маңызын айтты. Бұдан бөлек, бірлестіктің интеграциялық дамуын қамту керек. Осы орайда исламдық инфрақұрылымдық интеграция жобасын әзіреуді ұсынды. Президенттің пікірінше, мұсылман әлеміне төніп тұрған қауіп-қатерлердің дені ішкі қақтығыстармен байланысты. Қазір ИЫҰ-ға мүше 11 ел қиыншылықты бастан кешуде. Сүнниттер мен шиіттер шиеленісінің өзі қауіп төндіріп отыр Мұндай түйткілдің көшін терроризм бастап тұр. Ұйымға мүше 15 ел лаңкестіктен зардап шегуде. Фарух Питафи, журналист: - Мұсылман әлемін қазір терроризм мәселесі алаңдатып отыр. Жағдай өте тұрақсыз, бейбіт тұрғындар қаза болуда. Сондықтан бұл саммиттің маңыздылығы зор. Ислам елдерінің басшылары бір үстелдің басында бас қосып, түйткілді тарқатудың амалдарын іздеп көрмек. Бұл Түркиямен бірге, бейбіт бастамалдардың басы-қасында жүрген Қазақстан үшін де маңызды. Журналистердің де көксегені бейбітшілік пен бірлік екені анық. Бұл орайда, Қазақстанның бастамаларымен көбі таныс болып шықты. Бакер Абдулла, alarabiya news channel тілшісі: - Мұсылман мемлекеттері түрлі қауіп-қатерлерге тап болды. Мемлекеттер көшбасшылары Ислам әлемін бірлік пен ынтымаққа үндеп, бұл мәселелердің бейбіт жолмен шешу жолдарын табады деп сенемін. Әсіресе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы мұсылман елдері арасындағы қарым-қатынасты арттыруға сүбелі үлес қосары сөзсіз. Қазақтан Таяу Шығыста ядролық қарудан еркін аймақ құруды қолдайды. Жойқын қарудан ада әлем құрып, терроризмді тыю Қазақстанның ізгі арманы екені белгілі. Ол үшін Исламның атын жамылып жүрген бүлікші топтарға тойтарыс берудің мәні зор. Қазақстан ұсынысы бойынша кешенді шаралардың дені осыған бағытталуы тиіс. Бастысы, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ұлы дала елінің бірқатар бастамасын Ислам ынтымақтастық ұйымы елдері қолдады. Тіпті, саммиттің қорытынды құжатына енгізілді. Көпшілік Қазақстан мен Түркия басшысының кешегі бірлескен декларациясын жылы қабылдады. Қақтығыстарды реттеуде исламдық татуласу үрдісін енгізу қолдау тапты. Бұдан бөлек, саммит Астанада Азық-түлік қауіпсіздігі жөнінде Ислам ұйымын құру бастамасын құптады. Ертең саммит қорытындысы бойынша 2025 жылға дейін жоспарланған стратегиялық құжат қабылданады.