Руаралық қақтығыстың өзінен 400 мыңға тарта адам қырылған
|
Оңтүстік Суданда 2013 жылы басталған руаралық қарулы қақтығыстан кем дегенде 382 мың 900 адам қырылған. Бұл белгілі болған дерек. Белгісізі, яғни, хабар-ошарсыз кеткені қаншама. Бұл жайында Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің ресми сайтында жарияланған баяндамада айтылған. Аталмыш баяндамада келтірілген мәліметке қарағанда, аталған елдің оңтүстік және солтүстік-шығыс өңірлерінде орын алған қарулы қақтығыстан опат болғандар қарасы көп. Олардың дені - ер-азаматтар. Арасында әйелдер мен балалар да бар. Осы соғыстың кесірінен биылдың өзінде, яғни, 2018 ылдың бас кезінде екі миллионға жуық ел тұрғыны ел аумағында басқа өлкеге қоныс аударуға мәжбүр болса, екі жарым млн-ы көрші елдерге бас сауғалаған. Яғни, төрт жарым млн ел тұрғыны босқын атанған. Сондай-ақ, әлемдегі гуманитарлық көмек ең көп берілген аймақ болып саналады. Биылдың өзінде аталған елге 1,7 млрд доллар шамасында алты млн-ға таяу адамға көмек көрсетілген. Айта кетейік, билік басындағы Салва Киир шыққан динка тайпасы мен нуэр тайпасы арасындағы қарулы қақтығыс әлі күнге тоқтаған жоқ. Оңтүстік Судан Суданнан 2011 жылы бөлініп кеткен.