Рохиньялық мұсылмандар діні үшін билік тарапынан тағы қуғынға ұшырады
Рохиньялық мұсылмандар діні үшін билік тарапынан тағы қуғынға ұшырады
8 жыл бұрын 4081 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Біріккен Ұлттар Ұйымының құқық қорғаушылары Мьянма билігі тарапынан осы елдегі азшылықты құрайтын, неше жылдан бері будда радикалдарынан қуғын-сүргін көріп келе жатқан рохиньялық мұсылмандары діні бөлек болғаны үшін тағы жәбір көріп отыр. БҰҰ өкілдері рохиньялық мұсылмандарына қысым көрсеткені үшін Мьянма билігін "адамзатқа қарсы қылмысы" үшін айыптап отыр. Бұл жайында BBC News ақпарат көзі хабар таратты. Аталған елдегі БҰҰ-ның адам құқығын қорғау жөніндегі арнайы өкілі Янга Ли Бангладештегі рохиньялық мұсылман босқындарымен жүздесіп қайтты. "Мемлекет күш құрылымдары тарапынан айуандық әрекет пен жаппай азаптау оқиғалары үшін дереу жауап беруі тиіс",- деді ол ашына тіл қатып. Алайда, аталған елдің сыртқы істер министрі әрі "Демократия үшін ұлттық лига" оппозициялық партиясының жетекшісі Аун Сан Су Чжи БҰҰ-ның арнайы өкілінің сөзіне жауап беруден бас тартып отыр. "Демократия үшін ұлттық лига" партиясы бұл ақпаратты "асыра көрсетілген" деп, бағалап отыр әрі ішкі мәселе болғандықтан оған араласпауды талап еткен. "Біз жас мемлекетпіз, халықаралық талаптарға жетуге талпынудамыз. Бізде мыңдаған шешілмеген мәселе бар",- деп ақталмақ болған. Айта кетейік, соңғы бірнеше айдың ішінде 70 мыңнан аса рохиньялық мұсылман өздерінің байырғы атамекенінен ауып, көрші жатқан Бангладешке бас сауғалаған болатын. Осынша адамның босқын атануына Ракхайн (Аракан) штатында орын алған жазалау операциясы кезінде рохиньялық әйелдерді күштік құрылым қызметкерлері тобымен зорлап, заңсыздықтарға жол бергені себеп болған еді. Бұған қоса, рохиньялық ер-азаматтарды соққыға жығып, азаптаған. БҰҰ дерегіне қарағанда, рохиньялық мұсылмандар әлем бойынша ең қатты жапа шегіп отырған ұлысқа жатады. Мяньмадағы халықтың 89 пайызын буддашылдар құрайды. 

1 пікір
  • Еліміз осы жылғы БҰҰ қауіпсіздік кеңесіндегі өкілеті арқылы осы мәселені көтерсе дұрыс болар еді!!!!
    8 жыл бұрын
Мұрағат