Рим Папасы мұсылмандардың аяғын сүйді
Рим Папасы  мұсылмандардың аяғын сүйді
9 жыл бұрын 6745

Рим Папасы Франциск Италиядағы босқындар лагерінде болды. Босқындардың аяғын жуып, сүю үшін. Өздеріңіз білетіндей, христиандар түсінігіндегі бұл ритуал Иса пайғамбардың (р.а.) өзінің сахабаларына көрсеткен құрметімен байланысты. Бұл жайында «Al Jazeera» ақпарат көзі хабар таратты. Понтифик Пасха мейрамының қарсаңында Рим қаласының маңындағы Кастелнуово ди Порто елді-мекеніндегі босқындар лагерінде болып қайтты. Католиктердің әлемдік жетекшісімен кездескен босқындар арасында католиктермен қатар мұсылмандар, православтар және индустар болды. Понтификтің босқындарға көрсеткен бұл құрметі өз кезегінде Еуропаны өрттей шарпыған исламофобиялық құбылысқа тойтарыс бермесе де дінаралық татулықты сақтаудың ишарасы іспeтті болды, ерен үлгісі ретінде қабылданды. Бұл айтулы шараға 892 босқынның аз бөлігі ғана қатысып, қалғандары алыстан бақылады. Айта кетейік, өткен жылы аяқ жуу және сүю ритуалына тек католиктер ғана қатысқан еді, биыл Рим Папасының өзі бұл салтқа өзгеріс енгізіп, өзге діндегілер мен әйелдерді де осы шараға қатыстырды. Понтификке аяғын жудырып, сүйдіргендердің арасында Малиден, Сириядан және Пәкістаннан келген үш мұсылман да болды. 

0 пікір
Мұрағат