Ресейде шетел агенті деп танылған тұлғаларға шектеу күшейді
|
Ресей Федерациясы Кремлдің ұстанымымен келіспеген тұлғаларға қатысты репрессиялық шаралар қабылдап жатыр. Сондай шаралардың біріне РФ билігінің саясатына наразы тұлғаларға «шетел агенті» деген «таңба» басып, олардың құқығын шектеу жатады. Дәлірегі, 2012 жылғы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңнамаға енгізілген түзетулерге сәйкес шетелден қаржылай қолдау көретін жекелеген немесе заңды тұлғалар осы санатқа жатқызылады. Осылайша азаматтық қоғам атрибуттарына жат бұл тізімге енгендер авторлық еңбегі үшін ақы ала алмайды, жылжымайтын мүлігін жалға бере алмайды немесе сата алмайды, қандай да бір дивидент алу құқығынан айырылады. Бұл жайында islam.kz порталы ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дәлірегі, шетел агенттері үшін арнайы шот туралы заңды мемлекеттік дума депутаттары қабылдады. Яғни, авторлық құқық болсын, басқа кіріс көздерінен түскен табыс болсын, барлығы арнайы шотқа түседі. Бұл шоттан қаражатты шешіп ала алмайды – қашан шетел агенті деген атақтан құтылмайынша. Яғни, қара тізімнен шығарылмайынша.