Ресей демографиялық апатқа жақындататын тағы бір қатермен бетпе-бет келді
|
Ресей Федерациясында демографиялық ахуал төмендеп барады. Бұл жайында islam.kz порталы IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қазіргі уақытта РФ-ның демографиялық көрсеткіш Ресей субьектілері, әсіресе, мұсылман аймақтары (Татарстан, Башқұртстан, Шешенстан, Дағыстан, т.б.) есебінен көп төмендемей тұр. Бұдан бөлек, Ресейдің Украйнға басқыншылық саясатына байланысты адам ресурсы едәуір шығын болды. Соның ішінде ұрпақ өрбітуге қабілетті жастағылардың. Бұл жайт та болашақта Ресей демографиясын апатқа бастайды. Соңғы он жыл бедерінде 20 мен 30 жас аралығындағы ресейлік әйелдер саны шамамен үштен бірге азайды. Бала көтеруге қабілетті жастағы ресейлік әйелдер саны 2046 жылға дейін төмендей береді, деп мәлімдеді вице-премьер Татьяна Голикова. Біріккен Ұлттар Ұйымы 15-49 жасты ұрпақ өрбітуге қолайлы жас ретінде жіктейді. 2010 жылдан 2021 жылға дейін Ресейде 20 мен 29 жас аралығындағы әйелдер саны 37,5%-ға азайды. Бұған КСРО-ның ыдырауы және 1990 жылдардағы экономикалық дағдарыс себеп болды. Орта есеппен ресейлік әйелдер тұңғышын 26 жаста дүниеге әкеледі, ал мамандар алғашқы баласын 24 жаста туу керек, деп есептейді. РФ еңбек министрлігінің былтырғы есебіне сәйкес Ресейде алты жыл ішінде тұңғышты туу көрсеткіші 19,9 пайызға, ал екінші баланы табу көрсеткіші 31 пайызға төмендеген. «Себебі неде? Ең бастысы – халықтың жас құрылымының нашарлауы, перзент сүюге қабілетті жастағы әйелдердің жалпы санының азаюы», - деп түсіндірді еңбек министрінің бірінші орынбасары Ольга Баталина.