Рамазан айында ажырасуға тыйым салынды
Рамазан айында ажырасуға тыйым салынды
7 жыл бұрын 4006 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Палестинадағы шариғи сот басшысы қарамағындағыларға қасиетті Рамазанда осы айдың құрметіне ажырасқысы келетіндердің тілегін қанағаттандырмауға пәрмен берді. Қазы Махмұд әл-Хабаш бұл айда ажырасуға неліктен тыйым салғандарын былай түсіндірді: бұрынғы Рамазан айында түйген тәжірибеден осындай қадамға баруына тура келген, нақтырақ айтқанда, ауыз бекіткендер күні бойы нәр сызбағандықтан ашуға жиі бой алдырып жатады. Болмашы нәрседен ілік іздейтін ерлі-зайыптылар арасында кикілжің мен ұрыс-керістің арты отбасының шырқы бұзылуына апарады. Артынан өкініштен опық жеп жататындары қаншама. Бір сәттік ашудың жетегінде кеткендігі үшін. Сондай-ақ, ол барлық қазыдан отбасы мен жүргізіліп жатқан реформаларға қатысты мәселелер бойынша департамент есебіне де үңілуге үндеп отыр. Қасиетті Рамазан айындағы ажырасу оқиғаларының себебі мен салдарын бағамдау үшін. Израилдіктер жаулап алған Иордан өзенінің батыс жағалауы мен Газа секторында ерлі-зайыптылардың ажырасу оқиғалары жиілеп кеткен. Мәселен, бір ғана Газа секторында ажырасуға тілек білдірген жұп 3368 болса, олардың тек 3255-і ажырасып тынған. Өткен жылы. Негізгі себеп, әлбетте, ораза ұстағаннан емес, жоқшылық пен жұмыссыздық. Сөз орайы келгенде айта кету керек, Палестина аумағында зайырлы жолмен, азаматтық жолмен ажыраса алмайды ерлі-зайыптылар, бұл құзыретке шариғи сот қана ие. Тағы бір айта кететін жайт, өткен Рамазан айында да шариғи сот қазыларына осындай пәрмен берілген болатын. 

0 пікір
Мұрағат