Радикалды үнділер мұсылмандар мен христиандардың өсіп-өнуіне қарсы
|
Кеше үнділердің «Шив сена» (Shiv Sena) ультраоңшыл партиясының елдегі діни азшылықты құрайтын мұсылмандарды дауыс беру құқығынан айыруды сұрағаны турасында ақпарат таратқан болатынбыз. Олар тек мұнымен ғана шектеліп қалмай елдегі христиандар мен мұсылмандардың туу деңгейін төмендету, яғни, олардың санының өсу көрсеткішіне шектеу қою үшін ел билігінен қатаң шара қолдануды, дәлірегі, еркек кіндіктілерді жаппай піштіруді талап етіп отыр. Бұл жайында Gulf News ақпарат көзі хабар таратты. Олардың айтуынша, піштіруді отбасын жоспарлаудың маңызды элементі ретінде қарастыру керек. Радикалдардың сөзіне қарағанда, бұл өз кезегінде «аз баланы асырау оңайға түседі әрі аз балаға жан-жақты білім беруге де мүмкіндік алады». Қазіргі уақытта Үндістанда 170 млн мұсылман жамағаты, 24 млн христиан өмір сүріп жатыр. Ал индустардың қарасы 968 млн-ға жетіп жығылады. Халықтың саны 1 млрд 210 млн адамды құрайды. Ал біз сөз етіп отырған «Шив сена» партиясы 1966 жылы құрылған. Аталмыш партия идеологиясы индуизм қағидаларымен ұштасып жатыр. Кейбір ақпарат көздерінің айтуынша, бұл партия экстремистік бағытты ұстанады. Оның жақтастары Маһараштра, Гоа штаттарында және Мумбай қаласында көп шоғырланған.