Қыз алып қашуға қатысты жаза тағы қатайтылды
Қыз алып қашуға қатысты жаза тағы қатайтылды
6 жыл бұрын 3178 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Қырғызстанда шаңырақ көтеру мақсатында қыз алып қашуға қатысты жаза тағы қатайтылды. Ендігі жерде мұндай қылмысқа барғандар 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Қатаңдатылған заң талаптары бойынша. Сондай-ақ, 200 мың сом (үш мыңнан аса доллар шамасында) айыппұл төлеуге міндеттеледі. Бұл жайында «Әлемнің әйелдер банкі» деп аталатын үкіметтік емес ұйым жетекшісі Гүлсана Абытова мәлім етті. Сөз орайы келгенде айта кету керек, қыз алып қашуға қатысты жаза тағы күшейтілді деуіміздің себебі, 2013 жылы аталмыш жаза қатайтылған болатын. Мұндай қылмысқа барғандар сол кездегі заң талаптары бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін абақтыға жабылатын. Қырғыз құқық қорғаушылар келтірген мәліметке қарағанда, Алатаудың аржағындағы айыр қалпақты ағайындар жерінде жыл сайын 12 мың қыз алып қашу оқиғасы тіркеледі екен. Өзі қаламаған адамның табалдырығын аттаған мыңдаған қыз еркінен тыс келісімін беруге мәжбүр болып жатады. Кейбіреулері өз-өзіне қол жұмсап, қаза табады. Ресми статистикалық мәліметке сәйкес ел аумағындағы үш млн-нан аса әйелдің шамамен 150 мыңы қыз алып қашудың құрбаны болған. Аталмыш заң талаптарының қатаңдатылғаны да қыз алып қашу тыйылмай тұр. Жыл сайын 30-ға тарта қыз қыз алып қашудың құрбаны болуда. Қалалық жерлердегі әрбір бесінші неке осындай жолмен қиылған. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 60 пайызға жетіп жығылады. Мұндай некенің үштен екісі қыздың келіісімінсіз қиылады. Ал еліміздегі жағдайға келсек, қыз алып қашқандарға қатысты арнайы бап жоқ. Яғни, Қылмыстық кодексте мұндай қылмыс үшін арнайы жаза тағайындалмаған. Десе да адам ұрлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Десе де елімізде қыз алып қашуға қатысты ресми мәлімет жоқ. Ал құқық қорғаушылар жыл сайын елімізде 5 мыңға тарта қыз ескінің сарқыншағындай болған жабайы дәтүрдің құрбаны болып жататынын мәлім етіп отыр. ҚР Қылмыстық кодекстің 125-ші бабы бойынша (адам ұрлау) мұндай қылмысқа барғандар 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 

0 пікір
Мұрағат