Қыз алып қашқандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Қыз алып қашқандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
8 жыл бұрын 3142 Baq.kz

Қырғызстандықтардың үштен бір бөлігі қалыңдық ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын білмейді. Соңғы бір жыл ішінде жүргізілген зерттеу нәтижесі осындай. Дегенмен, сарапшылар заңды білмеуден бөлек, қыздарды күштеп тұрмысқа шығуға мәжбүрлейтін басқа да себептердің барын айтады.

Қылмыстық кодекс. Конвенция. Декларация. Қырғызстанда әйелдердің құқығын қорғауды көздейтін құжат жетерлік. Екі жыл бұрын қалыңдық ұрлау үшін қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылды. Енді мұндай әрекетке барғандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар мен қолында үйленгенін растайтын тиісті құжаты жоқ жұптардың некесін қиған имамдарға да айыппұл салынады.

Осыған қарамастан, қыз алып қашу деректері тыйылды деп айтуға әлі ерте.

Айнуру Алтыбаева, ҚР Жогорку Кенеш депутаты: - Заң жобасын талқылау кезінде түрлі пікірлер айтылды. Біреулер бұл ұлттық дәстүріміз, менталитетіміз осындай деп жатты. Әріптестеріммен бірге мұның қылмыс екенін түсіндіру үшін аз жұмыс атқарылған жоқ.

Егер бұған дейін қалыңдықты жас жігіттер ұрлап жатса, қазір егде жастағы азаматтар да кетары емес. Сорақысы сол, мектеп жасындағы бойжеткендерді жары етуге дәмелі жандар аз емес болып шықты. Сарапшылардың айтуынша, қызды күштеп көндіру бүгінгі қоғамда қанға сіңген, үйреншікті әдетке айналған. Көп жағдайда ер азаматтар ішкі менталитетті сылтауратып, заңды белінен басып жатады.

Мэган МакКормак, гендерлік теңдік бойынша сарапшы: - Қалыңдық ұрлауға жігіттің ата-анасы, жақындары, тіпті көршілері қарсы болуы керек. Қоғамның бұл мәселеге көз жұмбауы шарт. Осы ретте құқық қорғаушы органдардың рөлі ерекше.

Дегенмен бір қуантып отырған жайт бар. Кәмелетке толмағандарды күштеп үйлендіру деректері азайған. Құқық қорғаушылардың мәліметі осындай. Былтыр мұндай дерекке қатысты тек 8 қылмыстық іс қозғалған. Ал, сарапшылар шын мәнісінде мұндай оқиғалардың көптеп кездесетінін айтады. Алайда, қыз-келіншектер көп жағдайда тағдырына мойынұсынып, қылмыс жайлы ауыз ашпайды, - дейді мамандар.

0 пікір
Мұрағат