Қытайдағы тағы бір мұсылман ұлысының басына күн туды
Қытайдағы тағы бір мұсылман ұлысының басына күн туды
4 жыл бұрын 20760 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Қытай билігі осы елдегі азшылықты құрайтын, мұсылман халықтарының бірінен саналатын уцулдарға қысым көрсетуге көшті. Осы елдегі ұйғыр, хуэй, қазақ секілді мұсылман ұлысы уцулдардың да басына «қаралы күн туды». Хайнан аралын мекен ететін бұл уцулдардың қарасы 10 мың адамнан аспайды. Бұл жайында француз тілінде хабар таратын France24 ақпарат көзі мәлім етті. Қытайдың қауіпсіздік күштері «қоғамдық қауіпсіздікті» желеу етіп, уцулдарға араб жазуын пайдалануға, мешіттің аумағын кеңейтуге, т.б. исламға қатысты қандай да бір іс-шараларды өткізуге тыйым салған. Ислам парыздарын орындайтын коммунистік партия мүшелігіндегі уцулдарға қатысты тергеу, тексеру секілді репрессиялық шаралар қолданыла бастаған. Бұдан бөлек, мемлекеттік мекемелер мен мектеп қабырғасында шариғат шәлісін жамылып жүруге, сондай-ақ, қандай да бір қоғамдық тамақтандыру, т.б. «халал» белгісін қолдануға да тыйым салынған. Уцулдар Қытайда азшылықты құрайтын ұлттар санатында емес, олар хуэй ұлысының құрамында. Уцулдар осы күнгі Вьетнам аумағында кезінде өз алдына бөлек мемлекет болған Чампа тұрғыны – тямдардың ұрпағы. Олар вьетнамдар баса-көктеп кіргеннен кейін осыдан шамамен 6-9 ғасыр бұрын Хайнан аралына бас сауғалаған. 1990-шы жылдары уцулдар мен қытай әскері арасында қарулы қақтығыс орын алған еді. Сол кезде бүлікке тікелей қатысы бар деген 500-дей уцулдың қолына кісен салынып, тұтқындалған болатын. Негізінен балық шаруашылығымен күнелтеді. Таяуда ғана Шыңжыңдағы жасы 65-ке толмаған ұйғырларға намаз оқуға тыйым салынғаны туралы ақпарат жарық көрген болатын.

0 пікір
Мұрағат