Қытайдағы құпия лагерьлер жайлы не білеміз?
Қытайдағы құпия лагерьлер жайлы не білеміз?
6 жыл бұрын 3606 azattyk.kz

Халықаралық БАҚ Қытайдағы саяси лагерьлер жайлы ірі зерттеу мақалалар жариялады. Қытай билігі саяси лагерьдегі “бақытты өмір” жайлы “жарнамаларды” жиілетті.

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚҰПИЯ ЛАГЕРЬЛЕР ЖАЙЛЫ ВВС ЗЕРТТЕУІ

Осы аптада жарияланған “Қытайдың құпия лагерьлері” атты зерттеу мақаласының бір бөлігінде BBC журналистері Шыңжаңдағы саяси лагерьлерді түсіру жоспарының қалай жүзеге асқанын баяндаған. Журналистер сапар кезінде кездескен тосқауылдары мен көрген-білгендерін толық жазған. Зерттеудің бір бөлігі лагерьлердің спутниктен түсірілген суреттері мен ашық деректер негізінде жасалған сараптамаларға арналған. Зерттеуде бұдан бөлек, Қытайда қуғынға ұшыраған этникалық азшылықтар туралы жаңа деректер де бар.

Зерттеудің Twitter-де жарияланған қысқа нұсқасы 

 
BBC Asia
 
@BBCNewsAsia
 
 

A BBC investigation has revealed shocking new evidence about China's detention of Uighur Muslims in its western Xinjiang region.@TheJohnSudworth reports.

(Tap to expand)https://bbc.in/2D01A0J 

 

ШЫҢЖАҢҒА САПАР

BBC-дің жазуынша, “кәсіби үйрену орталықтары” немесе саяси лагерьлер Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының (әрі қарай - Шыңжаң) Дабаньчэн сияқты елді мекендерден қашық жерлерінде орналасқан, қала ішінде де кездесетіндері бар. Кейбір қамау орталықтары жаңадан салынса, кейбірі бұрынғы мектеп, зауыттың орнын пайдаланған.

Зерттеу авторлары Құлжа қаласының орталығына жақын орналасқан бұрынғы мектеп ғимаратын иеленіп отырған лагерьлердің біріне барған.

“Биік, қара көк түсті болат қоршаумен қоршалған және алдыңғы қақпада бақылау күшті. Ойын алаңы мен бұрындары футбол алаңқайы болған жерде жаңа бақылау мұнаралары орнатылған. Алаңды қазір болат шатырлы алты ғимарат қоршап тұр”. Зерттеу авторлары лагерьді осылайша сипаттайды.

Сапарының бірінше күнінен бастап жергілікті полицияның бақылауында болған BBC журналистерінің сипаттауынша, лагерь маңында туыстарын көру үшін адамдар кезекке тұрған. Жергілікті тұрғындар журналистермен аса сақтық танытып сөйлескен. Полицияның тегеурінді тосқауылына қарамастан зерттеу авторлары бірқатар видеолар, суреттер мен материалдар жинақтай алған.

СПУТНИК СУРЕТТЕРІ ЛАГЕРЬЛЕР ЖАЙЛЫ НЕ ДЕЙДІ?

BBC журналистерінің жазуынша, саяси лагерьлер жайлы ақпараттар пайда болғаннан бері мамандар Google Earth қызметінің көмегімен лагерьлердің орналасқан жері, көлемі сияқты деректерді табуға тырысқан. Дерек бойынша, ең ірі лагерьлердің бірі Шыңжаң орталығы Үрімшіден шамамен бір сағат жерде орналасқан Дабанчэн шағын қаласына маңында шоғырланған. Барлық сипаттары бойынша саяси лагерьге келетін нысан 2015 жыл мен 2018 жыл аралығында “адам танымастай өзгерген”. Зерттеу авторлары үш жылға жуық уақыт ішінде түрме типтес ірі лагерьдің осыншалықты алып нысанға қалай жылдам айналып үлгергеніне таңданады.

Түрме ғимараттарының дизайны бойынша сарапшылар және дата мамандарымен сөйлескен зерттеушілер лагерь-типтес нысандардың Шыңжаң аймағында 2017 жылы күрт өскенін анықтаған. Зерттеушілер дерегінше, Дабанчэндегі лагерьге бір мезетте 11 мың адам сияды.

"Тіпті кемінде деп есептегеннің өзінде бұл әлемдегі ең ірі түрмелер қатарына кіре алады" деп жазды BBC.

ОРТАЛЫҚҚА ҚАЖЕТ “ЭЛЕКТРОШОКЕР, КІСЕН, ДУБИНКА...”

AFP сайтында осы аптада жарияланған зерттеу мақаласында саяси лагерьлердің білім беру орталығынан гөрі түрмеге ұқсайтынын жазған. Зерттеу дерегінше, Шыңжаңдағы Хотан префектурасында “кәсіби орталықтарға керек” (яғни, саяси лагерьлер) деп жергілікті билік 2017 жылдан бері 2,768 полиция дубинкасы, 550 электрошокер, 1 367 кісен, 2792 бұрыш спрейіне тапсырыс берген.

“1500-ден астам қоғамдық үкімет құжаттарын - тендер, бюджет, ресми жұмыс баяндамаларын зерттеген AFP-дің талдауы бұл орталықтардың мектептен гөрі түрмеге ұқсас жұмыс істейтінін көрсетті” деп жазды ақпарат агенттігі.

 
AFP news agency
 
@AFP
 
 

Inside China’s internment camps: tear gas, Tasers and textbooks http://u.afp.com/ozT5 

Ресми құжаттардағы деректерге сүйенген мақала авторлары өткір сыммен қоршалған, инфрақызыл камералар орнатылған аумақта “студенттерді” көзден жас шығаратын газ, электрошокер, қаруы бар мыңдаған күзетші бақылайды деп жазады.

Мақала авторлары “Орталықтар “мектеп сияқты оқытып, әскерилер сияқты басқарылуы керек және түрме сияқты қорғалуы керек” деп құжаттардың бірінде көрсетілген Шыңжаңдағы коммунистік партия хатшысы Чэнь Цюаньгоның сөзін келтірген.

AFP агенттігінің жазуынша, орталықтар 2014 жылы пайда болғанмен 2017 жылдың басында олардың санын көбейту туралы жоғарыдан нұсқаулық болған. "Кәсіп үйрену орталықтардың" құрылысы мен жұмысына 2017 жылы шамамен үш миллиард юань (432 миллион доллар) жұмсалған.

ҚЫТАЙДЫҢ САЯСИ ЛАГЕРЬЛЕРДІ ЖАРНАМАЛАУЫ

Қытай билігі саяси лагерьлердің барын мойындаған, бірақ әлі күнге дейін мұндай “кәсіп үйрену орталықтарының” жағымды бейнесін қалыптастыруға тырысып келеді.

Қарай отырыңыз: Шыңжаң лагерьлері туралы қытайлық БАҚ не дейді?

 
Бұған дейін Қытайдың мемлекеттік CCTV телеарнасы “кәсіп үйрену орталықтарының” ішін көрсетіп, “бақытты студенттердің” мандарин тілін (қытай тілінің ірі диалектісі - ред.), түрлі кәсіп меңгеріп жатқаны туралы кадрлар көрсеткен.

Twitter-де осы аптада қытай журналистерінің бірі саяси лагерьдегі “өмір” жайлы видео жариялаған.

 
Hu Xijin 胡锡进@HuXijin_GT
 
 

This is a 2-minute long take I shot at the vocational training center in Kashgar, Xinjiang.

​Қытай журналисінің суреттері мен видеосынан кейін әлемнің түкпір-түкпірінен құқық қорғаушылар мен қолданушылар оған сұрақтар жаудырды. “Бостандықтарынан айрылған бұл азаматтар не үшін ұсталғанын біле ме? Олар адвокат көмегін қолдана ала ма?” деп жазды солардың бірі Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымының өкілі William Nee. 

Hu Xijin 胡锡进@HuXijin_GT
 

This is a 2-minute long take I shot at the vocational training center in Kashgar, Xinjiang.

 
William Nee@williamnee
 

A few questions, as you have had access to these facilities as a journalist:

1. Have any of the individuals who have been deprived of their liberty been notified of the reasons for their detention, or charges against them?

2. Have they been granted the right to legal counsel?

Қолданушылар арасында Қытай журналисінің тәуелсіздігіне күмән келтіріп отырғандар да болды.

Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалуы жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жиі жазып келеді.

Қыркүйектің 10-ы күні Human Rights Watch ұйымы арнайы есебін жариялап, Қытайдағы лагерьлер мен түрмелердегі жағдайды адам төзгісіз деп сипаттаған. Ұйым Қытай билігінің іс-әрекетін сынап, Пекиннен қамаудағыларды босатуды талап еткен.

Қазанның 16-сы күні Шыңжаң үкіметінің төрағасы Шохрат Закир осындай орталықтардың арқасында аймақтағы жағдай діни экстремизмнен ада, "қауіпсіз әрі тұрақты" деп айтқан. Закирдің айтуынша, мұндай орталықтарда азаматтар мандарин тілін меңгеріп, заманауи ғылымдар үйренеді. Саяси лагерьлерді "тегін кәсіп үйрену орталықтары" деп сипаттаған шенеунік мұнда "мамандық жетілдірумен қатар, спорттық мәдени шаралар өтетінін де" айтқан.

Қытайдағы саяси лагерьлерде қамауда болған азаматтар жайлы, лагерьдегі азаматтардан хабар ала алмай отырған Қазақстандағы туыстары жайлы бұған дейін Азаттық та көп жазған. Бірақ лагерьлер мен қамаудағы азаматтардың саны туралы дерек әлі күнге дейін белгісіз.

0 пікір
Мұрағат