Қытай Орталық Азияға бағытталған кибер-шпиондық операциялар жүргізуде
|
Қытай Ауғанстан Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің комьютерлік жүйесіне кіру үшін хакерлік шабуыл жасаған. Бұл әрекет Орталық Азия елдеріне бағытталған Қытайдың кибер-шпиондық науқаны аясында жүзеге асырылған. Бұл туралы кибер-қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын Check Point компаниясы мәлімдеді. Аталған компанияның зерттеушілері жариялаған есепте Ауғанстан Ұлттық қауіпсіздігіне кибершабуыл жасаған қытай тілді хакерлік тобын «IndigoZebra» деп атаған. Check Point компаниясы бұл хакерлік топтың 2014 жылдың өзінде Қырғызстан мен Өзбекстандағы саяси ұйымдарға бағытталған кибер шабуылдарды жүзеге асырғаны туралы деректерді келтірген. Мәліметтерде айтылуынша, Ауғанстанға бағытталған хакерлік операциялар сәуір айының бас шенінде басталған. Хакерлер Ауғанстан президентінің кеңсесіндегі лауазымды тұлға ретінде Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің жүйесіне кірген. Оған дейін хакерлер Ауғанстан президенті аппаратурасындағы лауазымды тұлғаның электронды поштасын ашып, сол арқылы өзге жоғары лауазымды тұлғаларға және басқа да құзырлы мекемелерге хаттар жолдап отырған. Check Point компаниясы мамандарының сөзінше бұндай тәсіл арқылы жасалған кибер шабуылдардың зардабы ауыр болады. Бұл кез-келген тұлғаны өзі үшін кез-келген істі орындатуға дейін апаратын тәсіл. Бұндай тұлғаның орнында жоғары лауазымдылар тұратын болса оның зардабын елестету қиын деп санайды. Мәліметке сенсек, бұл Ауғанстанға бағытталған Қытайдың алғашқы ауқымды кибер шабуылы. Бұған дейін Check Point компаниясы жоғарыда аталған хакерлік топтың Шыңжаңдағы ұйғырларға қатысты хакерлік шабуылдар жасағанын әшкерлеген еді. Check Point зерттеушілерінің айтуынша, бұл бірінен соң бірі жасалған кибершабуылдар Қытайдың батыс шекарасында кибершпионажды күшейткендігін көрсетеді. Ең қызығы, аталған кибер-қауіпсіздік компаниясы «IndigoZebra» хакерлік тобы Орта Азиядағы өзге елдерде де кибер-шабуылдарды жүзеге асырған болуы мүмкін екенін айтады.
“The Qazaq Times”