|
Қытай халал өнімдер экспортын арттырады
|
Сарапшылардың пікірінше, ет өндірісімен айналысатын қытай компанияларының өндірістік қуаты шетелге халал стандартына сәйкес ет экспорттауға мүмкіндік береді. Бұл жайында islam.kz порталы GlobalMeatNews.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Әсіресе, көрші жатқан өзінің стратегиялық әріптесі Пәкістан нарығының өзі Қытайдың бұл бағыттағы қадамын ұзарта алады. Бұдан бөлек, шекарасы ортақ Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан нарықтары да қытай тауарларына ашық екенін ескерсек, Қытай алысқа сабылмай-ақ, бұл нарығын дамыта алады. Қытай билігінің есебінше, бүгінгі таңда Қытай әлемдік халал өнімдер нарығындағы үлесі 0,1%-дан әзер асады. Қытай өндірушілерінің айтуынша, экспорттағы ең басты қиындық – Қытайдың халал стандартын мүұсылмандар көп шоғырланған Таяу Шығыс аймағындағы елдер мойындай бермейді. Ал Қытайдағы халал сертифкатын Қытайдың ислам қауымдастығының мемлекеттік органы мен азшылық істері жөніндегі мемлекеттік комиссия береді. Қытайлық өндірушілердің әлемдік нарыққа шығуын жеңілдету жөніндегі үкімет қадамдарының біріне Нинсиа провинциясының орталығы - Иншуан қаласында халал өндірушілер үшін еркін кедендік аймақ құруды жатқызуға болады, сондай-ақ, мұсылман әлемімен сауда-саттықты тереңдету үшін сол қалада халықаралық ислам азық-түлік сертификаттау орталығын ашуды жоспарлап отыр. Қытайдың мұсылман халқы - 20 млн, оның 9 млн-ы байырғы хуэй халқынан және 8,4 млн-ы ұйғырлар (Шыңжаңның батыс шекаралас аймағында тұратын түркі халқы).