Қытай билігі тәжді тажалдан мемлекеттік құпия жасады деген күдікке ілінді
Қытай билігі тәжді тажалдан мемлекеттік құпия жасады деген күдікке ілінді
4 жыл бұрын 9822 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Қытай билігі тәжді тажал вирусының шығу тегіне қатысты зерттеуді мемлекеттік құпияға айналдырып отыр деген күдікке ілінді. Бұл жайында islam.kz порталы танымал Associated Press ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дәлірегі, аталған ақпарат көзінің тілшілері бұл тарапта өз зерттеуін жүргізіп көрген екен. Олардың жазуынша, бүгінде күллі әлемнің есін алған жұқпалы індетке қатысты қандай да бір зерттеуді бұқаралық ақпарат құралдарында жарияламас бұрын немесе зерттеуге қатысты деректің басқалай жолмен жария болмас бұрын Қытай үкіметінің жанындағы арнайы комиссия қатаң тексеруден өткізеді. Аталмыш ақпарат агенттігінің мәліметінше, вирустың тегін зерттеумен айналысатын ғалымдарға олардың «аузын майлауы үшін» жүз мыңдаған долларлық грант бөлген. Бұл да күмән тудыратын жайттардың бірі. Қытайдың ішкі құжатына сәйкес осы жылдың ақпан айының 24-і күні елде зерттеуге қатысты мақалалар мен деректерді ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің «маңызды нұсқаулығына» сай бекітудің жаңа процедурасы енгізілген болатын. Өзге хабарларда персоналдарға тәжді тажал вирусымен байланысты қандай да бір мағлұматты, үлгіні немесе ақпаратты бөгде мекемелер мен ұйымдарға немесе жекелеген тұлғаларға бермеуі міндеттелген. Оның үстіне, ықтимал вирус тасымалдаушы мекендеген, ғалымдар зерттеген үңгір бүгінде мемлекеттің қарауында. Дәлірегі, ҚХР мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің агенттері Associated Press тілшілерінің қыр соңынан қалмай, үңгірге жібермей, жолын бөгеген. Осы орайда айта кету керек, 2017 жылы аталған үңгірде - жарқанаттардың  атипикалық пневмонияның «көзі» болып табылатын түрі бары белгілі болған еді. Бұдан бөлек, Қытай агенттері 2012 жылы COVID-19 вирусының жақын генетикалық «туысы» RaTG13 вирусы табылған иен қалған шахтаны да қатаң күзетуге көшкен.

0 пікір
Мұрағат