Қытай билігі студенттерді сымбатты жігіттер мен сұлу қыздардан сақтанып жүруді ескертуде
|
Қытайдың жоғары барлау агенттігі құпия деректерге қол жеткізе алатын студенттерге сымбатты жігіттер мен сұлу қыздардан сақ болуды ескертті. Олар ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін шетелдік ұйымдарға тыңшылық жасауға итермелеу үшін ғашық адамның кейпіне енуі мүмкін. Бұл жайында islam.kz порталы REUTERS ақпарат ресурсына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қытай мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі WeChat әлеуметтік желісіндегі өзінің қоғамдық аккаунтында шетелдік агенттердің маңызды ақпаратты алу үшін түрлі тәсіл қолданылатынын, соның ішінде тәжірибесі аз студенттер сеніміне кіріп, өз жағына тарту арқылы қол жеткізуге талпынатынын ескерту жариялады. «Олар жастардың әуесқойлығы мен тың нәрселерді байқап көруге дайын тұратын елгезектігін пайдаланады», - деп айтылған хабарламада. Қытай өзінің ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатерлерге қарсы қырағылығын жоғалтпайтын мемлекет. Биылдың өзінде олар өз азаматтарына бірнеше ескертулер жасап, өздері анықтай алған тыңшылық деректерінен нақты мысалдарын келтірді. Әдетте консалтингтік және зерттеу институттарының студенттері ғылыми зерттеулер бойынша, соның ішінде елдің экономикалық әлеуетін көтеруге, қорғаныс қабілетін нығайтуға, т.б. қажетті құпия әрі маңызды мәліметтерге қанық болып келеді. Сол себепті, шетелдік тыңшылар алдымен соларды жағалайды. Түрлі маркетингтік зерттеуді немесе академиялық тәжірибе алмасуды, соның ішінде тегін білім алуды немесе жетілдіруді желеу етіп, маңызды ақпараттарға қол жеткізуді көздейді.