Қытай Африка елдеріне несие беруді күрт арттырады
|
Өткен жылы Қытайдың қаржы институттары, банктері, мемлекеттік мекемелері мен компаниялары 2016 жылдан бері алғаш рет Африка елдеріне берілген несие мөлшерін арттырған. Бұл туралы islam.kz порталы өз кезегінде Бостон университетінің жаһандық даму саясаты орталығының баяндамасында келтірілген дерекке жөн сілтеген «Коммерсантъ» мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. 2023 жылы жалпы көрсеткіш күрт өсіп, 4,61 миллиард долларға жеткен. Бұл қаражат Қытайдың 2022 жылы Африка құрлығындағы елдерге бергенінен үш есе көп. Нақтырақы әрі тарқатып айтқанда, баяндамада Қытай 23 жыл ішінде Африка елдеріне несиеге 182,3 миллиард доллар жұмсағаны, соңғы жылдары несие беру қарқыны баяулағаны, ал қытайлардың өздері жеке секторға емес, болашақта қарызды өтей алатын мемлекеттердің құрылымдарды инвестициялауды жөн көріп, тактикасын өзгерткені айтылған. Бұған дейін Қытай билігінің соңғы он жылда дамушы елдерге жаппай несие беру саясатының сәтсіздікке ұшырағаны айтылған еді. Қарыз алған тараптардың көбісі оны өтей алмай жатыр. Бүкіл әлемдік банк сарапшыларының пікірінше, бұған көбінесе жасырын дефолт себеп болған, өйткені, ресми Бейжің мен мемлекеттік банктердің несие беру шарттары ашық емес және келісім-шарттар оларды тек екіжақты келіссөздер арқылы шешуге болатындай етіп жасалған. Бұдан бөлек, деректер құпия ұсталған.