Қырғызстанда заңды тұлғалардың атауларында діни терминдерді қолдануға тыйым салынды
|
Діни сипаттағы сөздердің, терминдердің, анықтамалардың тізбесі мен оларды пайдалану тәртібін ел Үкіметі бекітеді.
Тиісті заңға Республика Президенті Садыр Жапаров қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжатты Парламент 2024 жылғы 27 маусымда заңды тұлғалардың фирмалық атауында діни сипаттағы сөздерді, терминдер мен анықтамаларды қолдануға тыйым салатын құқықтық нормалар жасау мақсатында қабылдады.
"Жарғысында негізгі мақсаты пайда табу деп белгіленбеген діни коммерциялық емес ұйымдарды, сондай-ақ Қырғыз Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген заңды тұлғаларды қоспағанда, заңды тұлғаның фирмалық атауында діни сипаттағы сөздерді, терминдерді, анықтамаларды қолдануға жол берілмейді", - делінген қабылданған заңнамалық түзетуде.
Құжатта діни сипаттағы сөздердің, терминдердің, анықтамалардың тізбесін және оларды пайдалану тәртібін ел Үкіметі бекітетіні көрсетілген.