ҚЫРҒЫЗСТАНДА ЭКСТРЕМИЗМДІ НАСИХАТТАУ ҚАТАҢ ЖАЗАЛАНАДЫ
|
Қырғызстан Республикасында экстремизм мен терроризмді насихаттау және жария түрде оны қолдау әрекеттеріне қылмыстық жауапкершілік қатайтылады. Осындай заң жобасын елдің бірпалаталы парламенті қарап, алғашқы оқылымда-ақ дауыс беруге жолдаған.
Заң жобасы жайында парламент депутаты Ұлан Примов түсініктеме берді. Депутаттың айтуынша, заң жобасы террористік және экстремистік әрекеттерді насихаттау және жария түрде қолдау үшін әкімшілік жауапкершілікті қатайту шараларын қабылдау мақсатында әзірленген. Сондай-ақ заң жобасы террористік және экстремистік әрекеттерді жария түрде қолдау, кәмелетке толмағандарды қарулы қақтығыстар аймағына алып бару, террорлық акті туралы әдейі жалған ақпарат беру, мемлекеттік немесе қоғам қайраткерлерінің өміріне немесе денсаулығына қастандық жасау үшін қылмыстық жауапкершілікті қатайтады.
Республиканың арнайы қызмет өкілдерінің мәліметтеріне сүйенсек, Қырғызстанның 500-ден аса азаматы қатарында Ирак және Сириядағы террористік ұйымдар сапында соғысып жүр. Бірқатар сарапшылар ол азаматтардың өте қауіпті екенін, елге оралса теракт ұйымдастыруы әбден мүмкін екендігін айтуда.